Кәріз-сорғы стансасы жаңартылып жатыр

0 7

Атырау облысында алдағы екі жыл көлемінде барлығы 45 кәріз-сорғы стансасын қайта жаңартып, күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Бүгінде оның тоғызында жұмыстар басталған, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Тұрғын үйлер мен мекемелердегі ағынды суды соратын кәріз-сорғы стансаларының көпшілігі 1945-1990 жылдар аралығында салынған. Қазіргі таңда облыс орталығында қуаттылығы 2×800 м3/сағ төрт КСС-тің жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Олар Нұрсая, Лесхоз, Авангард-4 ықшам аудандарында және Махамбет пен Уәлиханов көшелерінің қиылысында орналасқан. Сонымен қатар Азаттық, Владимирский көшелерінде, Атырау темір жол ауруханасы, «Өнерпаз» тұрмыс үйінің жанында, Тұрғын үй қалашығы және Вокзал маңы ықшам аудандарында қуаты сағатына 190 текше метр бес станса қайта жаңғыртылуда. Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Айдулат Кенжебековтің айтуынша, қайта жаңарту жүргізілгеннен кейін су бұру сапасы жақсарады.

– Жаңғырту нәтижесінде кәріз сорғы стансаларында жабдықтар мен сорғылар жаңартылады. Негізінен тұрмыстық қалдықтардың кесірінен кәріз жүйесінің бітелуі жиі кездеседі. Жаңартылған стансаларда жаңа жабдық қалдықтарды кесуге арналған пышақтармен жабдықталады, бұл әртүрлі төтенше жағдайдың алдын алады. Ескі ғимараттарының орнына заманауи блок-модульдік ғимараттар салынады, – дейді А.Кенжебеков.