Жаңа конгресс холлдағы салтанатты жиын

0 4

Қала күніне орай мәдениет ордасы – «Tulip Hall» конгресс холл ғимараты халық игілігіне берілді. Онда алғаш рет «Қала күні» мерекесіне арналған салтанатты іс-шара өтті. Жиынға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, қалалық мәслихаттың төрағасы Бахадыр Нарымбетов, зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары қатысты.

Салтанатты іс-шарада қала әкімі бүгінгі мерекемен құттықтап, қаламызға еңбегі сіңген бірқатар азаматтарды марапаттады.

– 2200 жылдық тарихы бар қаламыз даму шежіресін алтын әріптермен жазып келеді. Қаламыздың келбеті жылдан-жылға ажарланып, экономикасы өрлеп, халықтың әл-ауқаты артуда. Жаңа идеялар мен жоспарлар, ауқымды инвестиция миллионды қаланың дамуына жаңа серпін берді. Игіліктің барлығы – сіз бен біздің ортақ еңбегіміз. Өз еңбегімен, күшімен және талантымен қаламыздың дамуы мен әл-ауқатына өлшеусіз үлес қосқан баршаңызға шын жүректен алғыс айтамын. Сіздерге зор денсаулық, амандық, барлық бастамаларыңызға сәттілік тілеймін! – деді қала әкімі.

Жиында қала әкімі Ғ.Сыздықбеков пен қалалық мәслихаттың төрағасы Б.Нарымбетов қаланың дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтарды «Шымкент қаласының Құрметті азаматы» атағымен марапаттады. Олардың қатарында Орынбай Рахманбердиев, Досыбай Шерімқұлов, Баян Жандосова, Асма Қалыбекова, Өркен Әбдіреев, Момбек Әбдәкімұлы, Серікбай Онбаев сынды белгілі азаматтар бар.

Іс-шарада Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреты Талғат Күзембаев, қалалық опера және балет театрының симфониялық оркестрі, хор ұжымы, «Шымкент концерт» концерттік ұйымының өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынды.

Айта кетсек, жалпы ауданы 5,24 гектар аумақты алып жатқан нысанның құрылысы 2023 жылы басталған болатын. Ғимараттың ауданы – 17964 шаршы метр. Үш қабатты ғимараттағы концерт залының сыйымдылығы – 2066 орын. Сонымен қатар 190 орынды конференция залы бар. Мердігер «BI Global» ЖШС құрылыс жұмыстарын толық аяқтап, қала күніне орай пайдалануға тапсырды.

Жаңа нысанның ашылу салтанатында көпшілік «Шымкент: Кеше. Бүгін. Ертең» тақырыбындағы көрмені тамашалады.