Басты назарда – адам денсаулығы мен өмірін қорғау

0 15

Қандайда бір еңбек ұжымында, мейлі ол мемлекеттік немесе жекеменшік болсын, Еңбек кодексінің талаптары қатаң сақталуы тиіс. Оның ішінде, еңбек қауіпсіздігін сақтау – адам денсаулығы мен өмірін қорғау. Сондықтан да, өндіріс орындарының басшылығы мен техника қауіпсіздігі саласына жетекшілік ететін тұлғалардан еңбек қауіпсіздігін сақтау қатаң сұралады.  

Қазақстан Республикасы Еңбек заңнамасының, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган – Жамбыл облыстық еңбек инспекциясы басқармасынан алған мәліметке қарағанда, 2023 жылы облыс ұйымдары мен кәсіпорындарында жоспардан тыс 149 тексеру және 11 профилактикалық бақылау жүргізіп, 177 бұзушылықтар анықталса, оның 143-і еңбек қатынастарына, 32-і еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауға және 2-і халықты жұмыспен қамтуға қатысты. Анықталған заң бұзушылықтар бойынша жұмыс берушілерге орындалуы міндетті 72 нұсқама беріліп, заңды және лауазымды тұлғаларға қатысты 5 ескерту және 14 әкімшілік құқық бұзушылық туралы қаулылар шығарылып, 4,6 миллион теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынып, олар толық өндіріліпті.

Нәтижесінде 175 еңбек заңнамасының бұзушылықтары жойылса, оның ішінде: еңбек қатынастары бойынша -141,  еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауға байланысты -32 және 2 халықты жұмыспен қамту. Сонымен қатар, еңбек инспекторларымен басқармаға келіп түскен   888 жеке және заңды тұлғалардың арыз-шағымдарының 706-ы өндіріске алынып, 72-не түсіндірме беріліп, 110 – тиістілігіне қарай басқа мемлекеттік органдарға жолданған.

– Былтыр Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ахуалдық орталығында облыстың тәуекелді кәсіпорындары ретінде 7 кәсіпорын енгізілген. Атқарған жұмыстардың нәтижесінде, бүгінгі күнге екі кәсіпорын ахуалды орталықта бақылауда  тұр. Олар «Меркі асыл тұқым зауыты» АҚ  және «Луговой жылқы зауыты» ЖШС. Енді 7 кәсіпорынды атап өтейін. Олар: «Жамбыл электр желілері» ЖШС – облыс көлеміндегі бөлімшелерінің  қызметкерлері айлық жалақыларын  көтеру мәселесі  бойынша наразылық білдіріп, бүгінгі күнге атқарылған жұмыстардың нәтижесінде  шешімін тапса, «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС- жалақы қарыздары орын алып, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде онда да өз шешімін тапты. «Айя Сервис» ЖШС – жалақы қарызы орын алған, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жалақы қарызы толық төленді. «Қамқор Локомотив» ЖШС «Тараз локомотив жөндеу депосы» филиалы – 2022 жылдың 13 желтоқсанында әлеуметтік желіде депоның қызметкерлерінің қатысуымен бейнетаспа жарияланған болатын. Жиналған жұмысшылар сыйақы төлеу және жалақыны 100 пайызға көтеру талаптарын алға  тартқан. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде  2023 жылдың 1 сәуірінен 5 пайызға,1 шілдеден тағы 5 пайызға, жалпы осы жылы 10 пайызға көтерді. «Казфосфат» ЖШС «Қаратау» ТКӨК филиалының  АКЦ (автомобильді көлік  цехы) цехы – айлық жалақының 30000 теңгесін 1 шілдеден емес, 1 маусымнан көтеру, «Қаратау» ТӨК бас директоры М. Макишевті жұмыстан босату туралы талаптар қойды. Бүгінгі күнге қойылған талаптар толығымен орындалды. «Меркі асыл тұқым зауыты» АҚ-ы мен «Луговой жылқы зауыты» ЖШС-де жалақы қарызы орын алып, бүгінгі күнге толық төлету бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Жалақы қарызы бойынша мәселелер әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның отырысында қаралып, кәсіпорын басшыларының есептері тыңдалып отырады.

Сонымен қатар, Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері ұсынған ақпаратқа сәйкес, 2023 жылы облыстың 1544 кәсіпорны (24 ірі, 61 орта, 1459 шағын) 37 941 жұмыскердің жалақысын орта есеппен 19,5 пайызға көтерді. Аудандар бөлінісінде талдайтын болсақ, ең аз кәсіпорындармен жұмыс жасаған  Тараз қаласы  (6499 кәсіпорынның 49 мен ғана жұмыс жүргізген) мен Қордай ауданы (1932 кәсіпорынның 120 мен ғана жұмыс жүргізген).

Бейресми жұмыспен қамтылған тұлғалардың еңбек қатынастарын заңдастыру бойынша: Бейресми жұмыспен қамтылған 2056 жұмыс берушідегі 5547 жұмыскердің еңбек қатынастары заңдастырылып, көлеңкелі экономикадан шығарылды. Еңбек қатынастары заңдастырылған жұмыскерлерге  келер болсақ, ең төменгі көрсеткіш Сарысу, Жуалы аудандары және Тараз қаласында.

Сондай-ақ, еңбек ұжымдарында ұжымдық шарттардың қабылдануына тоқталсақ, 2023 жылдың 1 желтоқсанына Ұлттық статистика бюросының статистикалық есебіне сәйкес, Жамбыл облысы бойынша тіркелген заңды тұлғалардың саны – 12 095-ті құрады. 2024 жылдың 1 қаңтарына облыс бойынша 11 659 ұжымдық шарттар басқармадан монниторинтен өткізілді немесе 96,4 пайызды құрап отыр. Ұжымдық шартты бекіту бойынша Тараз қаласы  (86 пайыз)  мен Қордай ауданының (95 пайыз) көрсеткіштері ең төменгі көрсеткішті көрсетіп отыр,- дейді облыс әкімдігінің еңбек инспекциясының басшысы Жарылқасын Айтақов.

Еңбек қауіпсіздігі мен өндірістік жарақаттанушылықтың алдын алу бағытында басқармамен жоспарлы жұмыстар атқарылуда. 2023 жылы  қызметтік міндеттерін атқарумен байланысты 51 жазатайым оқиға орын алып, оның салдарынан 66 адам зардап шегіп,  9 адам қаза болған. Оның ішінде. 25 адам 11 топтық жазатайым оқиғадан зардап шегіпті. 2022 жылмен салыстырғанда жазатайым оқиғалар 41,7 пайызға, ал зардап шеккендер саны 43,4 пайызға артып, қайтыс болғандар саны 4 бірлікке немесе 30,7 пайызға  төмендеген. Жүргізілген талдауға сәйкес, жұмыс берушінің кінәсінен- 23, жұмыскердің кінәсінен – 22 және 50/50 – тең жауапкершілікте 6  жазатайым оқиғалар орын алған. Талдау жүргізу барысында жазатайым оқиғалардың негізгі фактілері анықталыпты. Атап айтқанда: 6 – жол-көлік оқиғасы салдарынан, 15 – жұмыс берушінің жұмысты қанағаттанарлықсыз ұйымдастыруынан, 1 – қауіпсіз еңбек әдістерін оқытудағы кемшіліктерінен, 1 – еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелерін бұзу салдарынан, 28 – жұмыскердің өрескел абайсыздығынан орын алған.

2023 жылы «Казфосфат» ЖШС-де, «Golden Compas Company» ЖШС-де  және «Жамбыл облыстық медициналық жедел жәрдем станциясы» мекемесінде жазатайым оқиғалардың саны артқан. Атап айтқанда,  «Казфосфат» ЖШС-де 2022 жылдың тиісті кезеңінде 4 жазатайым оқиға орын алып, 6 адам зардап шегіп, оның ішінде 4 адам қаза болса, 2023 жылы 19 жазатайым оқиға салдарынан 24 адам зардап шекті және оның ішінде 3 адам қаза болған. Сонымен қатар, «Golden Compas Company» ЖШС-де 3 жазатайым оқиға салдарынан 4 адам зардап шегіп, 1 адам қайтыс болса, 2022 жылы жазатайым оқиғалар орын алмаған. Сондай-ақ, «Жамбыл облыстық медициналық жедел жәрдем станциясында» 5 жазатайым оқиға орын алып, 7 адам зардап шекті, ал 2022 жылы 1 жазатайым оқиғада 1 адам зардап шеккен. «Жамбыл электр жүйесі» ЖШС 2022 жылы 3 жазатайым оқиғада 3 адам зардап шексе, 2023 жылы 3 жазатайым оқиғада  4 адам зардап шегіп, оның ішінде  3 адам қаза тапқан.

Барлық  жазатайым оқиғалар бойынша арнайы тергеп-тексерулер жүргізіліп, материалдары ішкі істер органдарына жолданған. Сонымен қатар, әр жазатайым оқиға бойынша  жұмыс берушілерге орын алған жазатайым оқиғаның себептерін жою және алдын алу жөніндегі іс-шаралар беріліп, оның орындалуы қатаң бақылауға алынатын көрінеді.

Былтыр әлеуметтік-еңбек жағдайларының ахуалын жақсартуға бағытталған көптеген шаралар атқарылыпты. Атап айтқанда, облыста жазатайым оқиғалардың алдын-алуға бағытталған 185 іс-шара ұйымдастырылып, 261 бұқаралық ақпарат және әлеуметтік желілер арқылы ақпараттық және хабарламалық материалдар жарияланған.

Одан бөлек, Жамбыл облысының әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияның жұмысы тұрақты негізде жүргізілуде екен. 2023 жылы барлық деңгейде әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссиялардың аудандық, қалалық және облыстық 130 отырысы өткізіліпті. Былтыр бірнеше рет өндірістік жарақат қайталанған   кәсіпорындарды үшжақты комиссия отырысында қарастырып, «Казфосфат» ЖШС, «Жамбыл облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы» ШЖҚ МКК, «Жамбыл электр жүйесі» ЖШС басшыларының есептері тыңдалып, тиісті жұмыстарды жүргізу туралы тапсырмалар берілген. Нәтижесінде, «Қазфосфат» ЖШС-де өндірістік жарақаттануды азайту мақсатында іс-шаралар жоспары әзірленіп, жүзеге асып жатқан көрінеді.

2023 жылдың мамыр-қазан айларында «Қазэкспертпром» ұйымы «Қазфосфат» ЖШС-де еңбек жағдайлары бойынша жұмыс орындарын аттестаттаудан өткізген. Зиянды және ауыр еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлерге қосымша ақылар белгіленіпті. Сүт немесе басқа да баламалы өнімдерді беру үшін жұмысшылардың тізімі жасалған. Еңбек қауіпсіздігі бойынша штат бірлігі 20-дан 30 бірлікке ұлғайтылған.

Сондай-ақ, 2023 жылдың 4 желтоқсанында Жамбыл облысының әкімдігі мен «Қазфосфат» ЖШС арасында екі жақты меморандум жасалыпты. Меморандумда ұжымдық шарт аясында  кәсіпорын қызметкері жазатайым оқиға салдарынан жарақат алып, жұмысқа жарамсыз болып табылған немесе қайтыс болған жағдайда отбасы мүшелеріне  еселенген мөлшерде тиісті өтемақы төлеу, жұмыскерлерді жұмыс барысында зиянды және қауіпті  факторлардан қорғану  киімдері мен қорғану құралдарымен қамтамасыз ету, кәсіпорынның жабдықтарын жаңарту және тағы басқа бірқатар мәселелер қарастырылған. Мұнымен қоса, жұмыс орындарында еңбекті қорғау талаптарының сақталуына,  қызметкерлерді арнайы киіммен, аяқ киіммен және басқа да жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілуіне бақылау күшейтілген. Ал, «Жамбыл облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы» ШЖҚ МКК  жол-көлік  оқиғаларының салдарынан орын алып жатқан жазатайым оқиға бойынша жүргізушілердің  кәсіби деңгейін көтеру мақсатында 420 жүргізушімен «Жол жүру ережелері техникалық минимумі» тақырыбында қосымша сабақ өткізген.  Одан бөлек, Мойынқұм ауданында 2023 жылдың 17 тамызында көшпелі үшжақты комиссия отырысы өткізіліп, ірі кәсіпорындар басшыларына еңбек қатынастары мен еңбек қауіпсіздігі бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілген.

Жалпы өндірістік жарақаттануды және еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын азайту мақсатында кәсіпорындарда  «Халықтық бақылау» жобасы мен «Нөлдік жарақаттану – Vision Zero»  тұжырымдамасын енгізу жұмыстары жүргізіліп, бүгінгі күнге облысымызда «Vision Zero» нөлдік жарақат концепциясын 18  кәсіпорын  және «Халықтық бақылау» жобасын 13 кәсіпорын енгізіпті.

Одан бөлек, еңбек саласын цифрландыру, «E-HR» жүйесіне еңбек шарттарын енгізу жұмыстары «Жамбыл облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарындағы» «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасындағы «Электрондық нысанда тіркелген еңбек шарттарының үлесі» бойынша 2023 жылға 100 пайыз жоспар қойылған. Бұл жоспар 98 пайызға  орындалыпты. Ал, бірегей кәсіпорындар бойынша 6569 еңбек шарттарының  5 857 ақпараттық жүйеге қосылып, 89 пайызды құраған. Еңбек саласын цифрландыру бойынша Тараз қаласы  (95 пайыз) ең төменгі көрсеткішті көрсетіп отырса керек, басқа аудандарда қойылған межені 100 пайыз толық орындамаған. Жоғарыда аталып өткен мәселелер бойынша жұмыс ағымдағы жылы да жалғасын табатын көрінеді.

Осы орайда, Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне, өз аумағында орналасқан кәсіпорындардағы жұмыскерлердің жалақысын көтеру бойынша, бейресми жұмыспен қамтылған тұлғалардың еңбек қатынастарын заңдастыру; көлеңкелі экономикадан шығару; әлеуметтік еңбек саласын цифрландыру; кәсіпорындарда орын алған жалақы қарыздарын анықтап, жұмыстар жүргізу, ол туралы ақпаратты уақтылы ұсыну; еңбек даулары туындау қаупі бар кәсіпорындарды анықтау  бағытында жұмыстарды жүргізіп, қатаң бақылауға алу қажет екенін облыс әкімдігінің еңбек инспекциясы басшылығы еске салады.