Жан-жақтан су қаумалап, толассыз жайсыз хабар жанды жүдеткенде көңіл шіркін әлдебір жылылықты іздеп, шуақты күндерді аңсайды екен. Отыз күн күткен Ораза айт келіп, Тобыл сабасына түскен күні Қостанайда шыр етіп үш бірдей нәрестенің дүниеге келуін көпшіліктің көптен күткен жақсылықтың хабаршысы, үлкен қуаныштың басы деп жорығаны анық.
Әбдірахман әулетінде дүниеге келген үшемнің біреуі – қыз, екеуі – ұл. Перзентханадан жаңа шыққан батыр ана Ақшагүл Әбдірахманованы Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев та арнайы құттықтай келіп, өңірге белгілі атымтай кәсіпкер, «БК-Строй» құрылыс компаниясының бас директоры Игорь Кимнің атынан үш бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті.
«Үшемнің дүниеге келуі – қостанайлықтар үшін үлкен оқиға. Перзентханадан қасиетті Ораза айт күні шығып жатқандарыңыз да – жақсылықтың нышаны. Біз кеше ғана бүкіл қала тұрғындары жабылып жүріп тасқын судан бас көпірімізді аман алып қалдық. Бүгін, міне, үшем дүниеге келді деген қуанышты хабарды естіп, перзентханаға шауып келдік. Үш бірдей нәрестенің бір күнде бір отбасында дүниеге келуін жақсылыққа жориық, бұл – қиын күндердің келмеске кетіп, жаңа өмірдің басталып жатқанын білдіреді. «БК-Строй» құрылыс компаниясының басшысы Игорь Ким де сіздердің әулетте болып жатқан қуанышты хабарды ести сала, маған 109 шаршы метрлік, жөндеуден өткен 3 бөлмелі пәтердің кілтін табыс етуді аманаттады. Ол пәтерге бүгін көшіп барсаңыздар да болады, бәрі дайын тұр», деген қала әкімі қызыл барқыт қорапшадағы пәтер кілтін отағасы Жарастың қолына ұстатты.
«Жаңа туған балалардың атын Айару, Ардан, Арлан деп қойдық. Өзіміз бұған дейін де 5 бала тәрбиелеп отыр едік, жұбайым енді бірден 8 баланың анасы атанып, батыр ана болып шыға келді. 2020 жылы мемлекет 58 шаршы метрлік жалдамалы пәтер берген. Енді, міне, күтпеген жерден одан екі есе кең пәтерге кіретін болып отырмыз. Қуанышымызда шек жоқ. Қала әкімі Марат Жүндібаев пен «БК-Строй» компаниясының басшысы Игорь Ким мырзаға алғысымыз шексіз. Біздің отбасымыздағы қуаныш көпке жұғысты болсын», дейді үшемнің әкесі Жарас Әбдірахманов.
Қостанайдағы облыстық аурухананың перинаталдық орталығында кейінгі 10 жыл ішінде осымен үшінші рет үшем дүниеге келіп отыр.