Ауылдағы сұлулық салоны

0 16

Степной ауылының тұрғыны Гүлсара Мырзақұлова декреттік демалыста отырғанда өзін түрлі салада сынап көріп, кондитер де болды, тігіншіліктің де тізгінін ұстады. Дегенмен макияж және шаш үлгісін жасаудың шебері сұлулық саласына қайтып оралды.

Оралды дейтініміз, Гүлсара Сапарғалиқызы бьюти индустриядағы алғашқы қадамын он жыл бұрын бастаған. Ол уақытта өз бетімен үйренген білімімен құрбыларын, таныс-туыстарын бояндырып, шаш үлгісін жасап, той-жиындарға дайындайтын. Кейін тұрмыс құрған соң декреттік демалыста түрлі саланың басын шалып, ақыры жаны қалаған іспен айналысуды шешеді. Арнайы курстар оқып, make-up және hair-стилист болып кәсіби түрде айналыса бастайды. Клиенттерін үйде қабылдау ыңғайсыз болғандықтан жолдасы есік алдына кішігірім сұлулық салонын салып береді. Ал өткен жылдың қазан айында Гүлсара Сапарғалиқызы «Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы» аясында қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, сұлулық салонына қажетті жиһаз, құрал-жабдықтарды сатып алған. Қазіргі таңда жеке салонында өзінен басқа тағы екі адам жұмыс істейді. Бірі – кірпік ұзарту шебері, екіншісі – тырнақ әрлеуші. Ал Гүлсара ханымның өзі визажист әрі hair-стилист. Сонымен қатар ара-тұра әйелдер массажын да жасайды.

– Мемлекет берген қаражатқа айнасымен екі үстел және орындықтар, шаштаразға арналған жарық-шамдар орнатылған екі үлкен айна, құрал-жабдықтарды қоятын сөрелер және бір кушетка алдым. Кіріп келген қонаққа жағымды әрі жайлы болатындай бөлме жасағым келді. Шүкір, тұрақты клиенттеріміз баршылық. Әсіресе, Жаңа жыл мерекесінің алдында қыз-келіншектер өте көп келді. Ал қаңтар-ақпан айлары «өлі кезең» дейді ғой, келушілердің саны азайды. Сондықтан осы уақытты пайдамен өткізу ойымда бар. Визажистің, шаш әрлеудің қыр-сырын үйренгісі келген қыздарды оқытып, өзім де біліктілікті арттыру курстарына қатыссам деймін. Бьюти индустрия бір орында тұрмайды ғой. Заман көшінен қалмай макияждың жаңа түрлерін үйренгім келеді. Бір жағынан, жаңа білім өзіңе деген сенімділігіңді де арттыра түседі, – дейді шебер.

Ол алдына келген арудың қандай бейнеде керемет көрінетінін және өзін жайлы сезінетінін біліп тұрады. Дегенмен клиенттің қалауы ол үшін бірінші орында.

– «Мені бояндыршы, бірақ боянғанымды ешкім байқамауы керек» дейтін клиенттерім де болады. Осы салада он жылдан астам тәжірибем болғанымен әлі күнге дейін алдыма келген аруды бояндырарда, шашын әрлерде «істеген жұмысымды ұнатпай қала ма, ойындағыдай шыға ма, шықпай ма?» деп қатты уайымдаймын. Мен үшін клиенттің көңілін табу өте маңызды. Сондықтан жұмысыма жоғары бағасын беріп, риза болып қайтқан қыз-келіншектерді көргенде ерекше қуанамын. Клиенттерімнің алғысы маған шабыт береді, өзімді мамандығым бойынша одан әрі дамытуға ынталандырады, – дейді кейіпкеріміз.

«Сара» сұлулық салонының қызмет түрлері ауыл тұрғындары үшін қолжетімді. Бет әрлеудің бағасы 2000-4000 теңге болса, шаш үлгісін жасау 2000-5000 теңге аралығында, маникюр – 3000 теңге. Шеберге тек Степной ауылынан ғана емес, ауданның өзге де елді мекендерінен келушілер көп. «Косметиканы аудан орталығынан аламын. Макияждың бағасы қандай косметика қолданатыныңа байланысты. Мен бюджеттік түрлерін қолданамын, соған сәйкес бағасы да қолжетімді», дейді ол.

Отбасында асыл жар, төрт баланың анасы, өзінің жұмысынан ерекше шабыттанатын Гүлсара Мырзақұлова мемлекеттің кәсіпкерлерге қолдауын сезінген жан ретінде пікірімен бөлісті.

– Менің мемлекеттен қайтарымсыз грант алғанымды естігендердің көпшілігі бірден «танысың бар ма, қалай алдың?» деп сұрайтын. Халық арасында «қазір бәрі таныс-тамырмен ғана шешіледі» деген жаңсақ пікірдің қалыптасып қалғаны көңіл қынжылтады. Кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарлама арқылы расымен де грантқа қол жеткізуге болады.

Бастысы мақсатың айқын, бизнес жобаң дұрыс болуы қажет. Қазіргі таңда үміткерлерді қабылдау процесі де ашық жүргізіледі, әлеуметтік желіде тікелей эфир қосулы тұрады. Барлығы әділ. Сондықтан ісін бастағысы келетін азаматтарға айтарым, жетістікке жалғыз талантпен немесе таныспен жете алмайсың. Бәрін жеңетін – еңбек, – дейді Г.Мырзақұлова.

Сұлулыққа жаны құмар, әдемі болып әрленген арулардан алғыс алып жүрген Гүлсара Сапарғалиқызының қазіргі беталысы жастарға үлгі десек, еш қателеспейміз.

 

Сәуле МҰХИТДИНОВА.

Қордай ауданы.