Қазақтың ұлттық ойындары – сан қырлы, мазмұнға бай қазыналардың бірі. Олар адам көңілін көтеріп, ойын сауықтық қана рөл атқарып қоймастан, дененің шынығуына, ептілік, күш-қайрат түрлерінің қалыптасып, ақыл-ойдың жетілуіне ғасырлар бойы игі әсер етіп келді.
Ұлттық ойындарымыздың тәрбиелік мәні де, бірлік пен ынтымақ жолын дамытуда да маңызы зор. Асық ойындары туралы сөз етуден бұрын, қазақ халқының асыққа деген айрықша көзқарасын айта кеткен жөн. Асыққа бабаларымыз малдың, аңның жай ғана бір сүйегі ретінде қарамаған. Оған байланысты ежелден айтылып келе жатқан ырымдар бар. Мәселен “Алты жыл аш болсаң да, асық мүжіме” деп кішкентай балаларға асық етін жегізбеген. Қасқырдың асығын өзіңмен бірге алып жүрсең тіл-көзден, ұшықтан аман-есен боласың, атыс-шабыста оқ та тимейді деген ырым бар. Тіпті әлі күнге дейін адамдар сыртта жүргенде оқыс оқиға болса, аман қаласың деп сенеді. Тілдік қолданысқа терең сіңген, ежелгі заманда хан сайлаудан басталған “қой асығы демеңіз, қолайыңа жақса сақа ғой” немесе “асығы алшысынан түсті”, “бүге-шігесіне дейін анықтау”… тағы басқа тіркестер тегіннен тегін айтылмаса керек.
Әр халықтың ұлттық ойындары көбінесе әлеуметтік-экономикалық жағдайларына, шаруашылық мүмкіншіліктеріне байланысты қалыптасқан. Қазақ халқының ұлттық ойындарының көбі табиғи заттармен ойнауға негізделген. Тұрмысы мал шаруашылығына негізделгендіктен қазақ халқының ұлт ойындары да осыған икемделеді. Әсіресе қойды көп өсіргендіктен, балалар ойынының көбі қой асығымен байланысты болып келеді. Сондықтан асық ойындары ұлт ойындарының ішіндегі арыдан келе жатқан көнелерінің бірі болып табылады. Асық ойыны жастайынан баланың нерв жүйелерін шыңдап, оларды дәлдікке, ұстамдылыққа, байсалдылыққа тәрбиелейді. Мұндай қасиеті болмаса, адамда төзімділік, шыдамдылық та болмайды, ойында да, өмірде де көздеген мақсатына жете бермейді. Бұл ойынның еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін ойнайтын түрлері болған.