Зияткерлік мектеп ауыл мектептерінің әлеуетін арттыруға атсалысуда

0 3

Тараз қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі өңірдегі білім сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстарымен ерекшеленіп келеді. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мектеп директоры Гүлнұр Мақсұтова осы бағыттағы бастамалар мен жетістіктер туралы кеңінен баяндады.

Оның айтуынша, зияткерлік мектептер 2012 жылдан бері жалпы білім беретін мектептерге әдістемелік қолдау көрсетіп, өздерінің тиімді педагогикалық тәжірибесін бөлісіп келеді. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы Жолдауында айтылған, ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайту міндетімен үндес бастама.

Зияткерлік мектептер ауылдық жерлердегі білікті педагогтердің тапшылығын шешу мақсатында тірек мектептермен әріптестік моделін дамытып, олардың әлеуетін арттыруға күш салуда. Бұл орайда, Тараз қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі 2022 жылы Сарысу ауданындағы Балтабай Адамбаев атындағы мектеппен жұмыс істей бастаса, кейінгі жылдары Мойынқұм, Жуалы, Байзақ, Т.Рысқұлов, Жамбыл және Меркі аудандарындағы тағы жеті тірек мектеппен байланыс орнатқан. Биылғы оқу жылында бұл сан онға жетіп, нақты нәтижеге бағытталған жұмыстар жалғасуда.

Аталған мектептердің 880 мұғалімі оқыту, бағалау, тәрбие және зерттеу тәжірибесін жетілдіру бағытында әдістемелік қолдау алған. Ашық сабақтар, семинарлар, тренингтер, шеберлік сағаттар мен тағылымдамалар арқылы мұғалімдерге оқытудың заманауи тәсілдері көрсетіліп, кері байланыс беру, зерттеу жүргізу, бағалау құралдарын құрастыру сынды бағыттар қамтылған. Жыл ішінде 630 мұғалімге пәндік құзыреттілікті арттыру бойынша шеберлік сабақтар ұйымдастырылып, 147 педагог тағылымдамадан өткен. Сонымен қатар, облыс мектептерінен 27 мұғалім халықаралық деңгейдегі WALS конференциясына қатысуға шақырту алған.

Биыл ақпан айында өңірдегі 60 мектептің басшылары мен орынбасарларына арналған «Оқыту мен бағалаудағы сапаны арттыру» тақырыбындағы семинар-практикум өткізіліп, білім сапасын басқару, мұғалімнің кәсіби дамуын қолдау, тәрбие жұмыстарының мониторингі секілді маңызды бағыттар таныстырылыпты. Тамыз конференциясы аясында да тренингтер мен шеберлік сабақтар ұйымдастырылып, жергілікті университет, колледждермен серіктестік негізінде болашақ педагогтарға арналған арнайы курстар өткізілген. Физика пәні бойынша лабораториялық жұмыстар жүргізу әдістемесі де назардан тыс қалмапты.

– Ауыл мектебі – ел болашағының іргетасы. Сондықтан ауыл мұғалімінің кәсіби дамуына қолдау көрсету – мемлекет үшін де, қоғам үшін де аса маңызды міндет. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра береміз, – деді Гүлнұр Мақсұтқызы.

Назарбаев зияткерлік мектебінің бастамалары – өңірлік білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған маңызды қадам. Бұл – ауыл мен қала арасындағы білім теңдігін қамтамасыз ету жолындағы нақты әрекет.