Жыр сүйгендерге – жыр тарту

0 3

Мәдімар ауылдық клубында ауыл тұрғыны, еңбек ардагері, ақын Асан Әлмақашұлының «Жыр сүйгендерге – жыр тарту» атты шығармашылық кеші өтіп, онда ақынның жақында жарыққа шыққан «Дара тұлға», «Жолайрық» атты қос кітабының тұсауы кесілді.

Іс-шара барысында «Жанымның жақын досы – кітап» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, онда ақынның туындылары, республикалық, облыстық және жергілікті басылымдарда жарияланған мақалалар топтамасы қойылды. Көрмеден бөлек, экранда Асан Әлмақашұлының өмірі мен шығармашылық жолы жайында арнайы әзірленген бейнеролик көрсетілді.

Кеш шымылдығы балғын бишілердің орындауындағы әсем бимен ашылды. Бұдан соң аудан  әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Салтанат Иманова, аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сәкен Сыздықов Асан Әлмақашұлының өлеңдері туған жерді, Отанды құрметтеу, адамды қадір тұту, батыр бабаларымыздың ерлігін мақтан тұту сынды ойлармен ерекшеленетінін жеткізді. Ынтымақ ауылдық округінің әкімі Мейірбек Ноғаев 70-тен асса да қолынан қаламы түспей, жақсы істерді насихаттап жүретін Асан ағаны мақтан тұтатындығын айтып, ауылдастары атынан иығына шапан жауып, сый құрметін көрсетті. Ақын-сазгер, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Қасқырбай Нарбатыр Асан Әлмақашұлының ақындығымен қатар азаматтығына ерекше тоқталды. Ол кісінің ерен еңбегінің арқасында ауылдық клуб талан-таражға түспей, аман қалғандығын, бүгінде ел-жұрт осы нысанның игілігін көріп отырғандығын айтты. Азаматтың еліне, жеріне деген сүйіспеншілігіне тоқтала келіп, жас таланттарды қолдау мақсатында бұдан бірнеше жыл бұрын өткізілген осы ауылдың тумасы, белгілі ақын Жақсылық Сәтібековтің жырларына арналған байқауға демеушілік жасағандығын ризашылықпен жеткізді. Болашақ ұрпақ үшін жасап жатқан еңбегіне табыс тіледі. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Жанатбек Тұрғынбаев ақынның туған жеріне арнаған өлеңін мәнеріне келтіре оқи отырып, кітап авторына құттықтау лебізін білдірді. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Шоқайбаев, ауыл қариясы Төлен Мырзахметов, замандастары атынан Әубәкір Омаров, ардагер-ұстаз Айша Қолдасова, Аманжоловтар әулеті атынан Жұмағұл, Айман елдің рухани құндылығына қосылған ақын туындыларының оқырманы көп болсын деген тілектерін айтты. Ақынға және зайыбы Мариямға тарту-таралғыларын табыстады.

Салтанатты рәсімде сиясы әлі кеуіп үлгермеген «Дара тұлға», «Жолайрық» атты қос кітаптың тұсауын аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Салтанат Байтеліқызы, ақын-сазгер Қасқырбай Дәрібайұлы, ардагер Қаражан Шотаев, ақын Жанатбек Тұрғынбаев қиды.

Шығармашылық кеште Асан Әлмақашұлы сахна төріне көтеріліп, жаңа кітабынан өлеңдер оқыды. Тағылымы мол кездесуді ұйымдастырған, кітабына демеушілік жасаған ауыл әкіміне, әкімшілік қызметкерлеріне, білім ошағына, мәдениет саласының өкілдеріне алғысын айтып, батасын берді.

Сонымен қатар өнер кешінде ақынның «Мақтаныш», «Арман», «Тағдырыма ризамын» атты өлеңдерін Шоқан Уәлиханов атындағы мектептің оқушылары жатқа оқып, кештің шырайын келтірді. Ақынның өлеңдеріне жазылған әндер шырқалды, аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйінің әншісі Марлен Көпешов, жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасы көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.