Жұмыстан заңсыз шығарылған қызметкердің құқы қорғалды

0 1

Мойынқұм аудандық соты қызметкердің «А.» АҚ-на қатысты жұмыстан шығаруды заңсыз деп тану, жұмысқа қалпына келтіру және өтемақы өндіріп алу туралы талап қоюы бойынша азаматтық істі қарады.

Сот талап қоюшының «А.» АҚ филиалында желі шебері болып жұмыс істегенін анықтады. Жазатайым оқиға жұмыстан шығарудың себебі болды, оның нәтижесінде электромонтер жұмысты орындау кезінде қолын күйдіріп алған. Жұмыс беруші талап қоюшыны ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін еңбекті қорғау ережелерін бұзғаны үшін жұмыстан шығарған. Талап қоюшы онымен келіспей, бұйрықты алдымен келісім комиссиясында даулап, содан кейін сотқа жүгінген.

Сот іс материалдарын зерттей келе, жазатайым оқиға зардап шеккен қызметкердің өзі қауіпсіздік ережелерін бұзу салдарынан болды деген қорытындыға келді. Тергеу актісіне сәйкес, ол жеке қорғаныс құралдарынсыз және электр қондырғысын кернеуден ажыратпай жұмыс жасаған. Сондай-ақ, сот жұмыс берушінің ішкі тергеу жүргізу кезінде бұзушылықтарға жол бергенін және қызметкерді тәртіптік жауапкершілікке тартудың заңмен белгіленген мерзімін өткізіп алғанын атап өтті.

Сот шешімімен еңбек шартын бұзу туралы бұйрық заңсыз деп танылып, күші жойылды. Талап қоюшы бұрынғы қызметіне қалпына келтірілді. Одан бөлек, сот жұмыс берушіден 3,5 миллион теңгеден астам жалақы, сондай-ақ моральдық зиян өтемақысын, өкілдің қызметтері үшін шығыстарды өндіріп алды.

Шешім заңды күшіне енген жоқ.