Жүгері кластері: өсіруден дайын өнімге дейін

0 2

Түркістан облысында агроөнеркәсіптік өндірісті әртараптандырудың жаңа кезеңі басталды. Өңірде бұл бағытта ірі кластерлік жобалар жүйелі түрде іске асырылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен, облыс әкімінің жіті бақылауымен өңір экономикасының тірек салалары саналатын мақта, жүгері және ет өндірісі бағытындағы кешенді бастамалар шикізатқа тәуелділікті азайтып, дайын өнім шығаруға көшуге жол ашып отыр. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын құруға, экспорттық әлеуетті арттыруға және аймақтың инвестициялық тартымдылығын күшейтуге мүмкіндік береді.

Соның бір бағыты – жүгері кластерін құру жобасы. Бұл бастама өңірдің табиғи-климаттық ерекшеліктерін тиімді пайдалана отырып, ауылшаруашылығын әртараптандыруға, соның ішінде жүгеріні терең өңдеуді дамытуға, инвестиция тарту арқылы өндіріс көлемін ұлғайтуға бағытталған. Мәселен, Шардара ауданында орналасқан индустриалды аймақта «Қазкрахмал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүгеріні терең өңдеу кешенін салып жатыр. Екі кезеңнен тұратын жобаның құны 35 миллиард теңгені құрайды. Зауыттың жылдық қуаты 150 мың тонна жүгеріні өңдеп, одан 26 түрлі өнім шығару. Кәсіпорын толық іске қосылғанда 251 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Зауыт бірінші кезекте Шардара және көршілес аудандардан жүгері қабылдайды. Оны кептіріп, сақтайды және өңдейді. Аталған жоба жүгеріні тек шикізат күйінде сатпай, оны терең өңдеу арқылы жоғары өнім алуға мүмкіндік береді. Осыған байланысты алдағы уақытта Шардара, Жетісай және Мақтаарал аудандарында жүгері алқаптарының көлемін ұлғайту көзделіп отыр. Бұл фермерлер үшін өнімді өткізудің тұрақты нарығын да қалыптастырады. Яғни, шаруалар енді өз өнімдерін делдалсыз, тікелей өңдеу кәсіпорнына өткізе алады.

Жоспар бойынша ауданда 2030 жылға дейін жүгері алқаптарын 40 мың гектардан 70 мың гектарға дейін ұлғайту межеленген. Алқаптарға су үнемдейтін заманауи агротехнологияларды енгізу көзделген. Бұл ағын суды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жоба өңір экономикасына да мультипликативті әсер етеді. Өндіріс көлемінің артуы салық түсімдерін көбейтіп, логистика, тасымалдау, сақтау және қызмет көрсету салаларының дамуына серпін береді. Сонымен қатар, бұл жоба ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға да септігін тигізері анық. Ал өңделген жүгері өнімдерін ішкі нарықпен қатар, экспортқа шығару мүмкіндігі де қарастырылып отыр. Бұл облыстың аграрлық әлеуетін сырт елдерге танытуға да жол ашады. Жүгері кластерін қалыптастыру ауылшаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыруға бағытталған. Бұл жүйе жүгері өсіруден бастап, оны толық өңдеп, дайын өнімге дейін жеткізуді көздейді. Соның нәтижесінде өндіріс үдерісі оңтайланып, шығындар азаяды.

Бүгінгі күні өңірде жүгері дақылына деген сұраныс жыл санап артып келеді. Бұл дақылдың құрамында 75 пайызға дейін қант бар. Сондықтан өнімді табиғи қант алмастырғыш ретінде өнеркәсіптік мақсатта пайдалануға болады. Жүгерінің пайдасы жалғыз бұл емес. Мамандар біледі, жүгері қанықпаған май қышқылдарына, суға, крахмалға өте бай. Сондай-ақ оның құрамында В9, Е, РР, В1, В2, В5, С дәрумендері және ниацин, холин бар. Ал, темірдің көптігі бойынша оған жететін дақыл жоқ. Оған қоса, бойына аскорбин қышқылы және минералды тұздарды жинақтаған жүгері бизнесте де үлкен табыс көзі бола алады. Сондықтан оны өсірмейтін ел кем. Мысалы, Мексикада жүгері ерекше құрметке ие. Тіпті, онда «шашақты сұлу» ұлттық тағамдардың негізі және мәдени символы болып табылады. Олар жүгеріден нан пісіреді, салатқа қосады, арнайы ас та әзірлейді. Жалпы, әлемде жүгеріден мол өнім алуда Мексика көшбасшы болып табылады. Ал АҚШ пен Қытай секілді алпауыттар, жан-жақты дамыған Жапония оның негізгі импорттаушылары саналады.

Өткен ғасырда жүгерінің нанын жеген біздің кейбір аға буын өкілдері де оның дәні мен дәмін ұмытпаған болар. Осы дән мен дәм жүрек-тамыр аурулары, инсульт, инфаркт, қант диабеті секілді дерттердің қаупін азайтатынын білесіз бе? Жүгері сондай-ақ көру қабілетін сақтауға да көмектеседі және өт қабының тонусын арттырады. Жиі тұтынсаңыз, холестерин деңгейі қалыпқа түседі. Асқазан жолдары қызметін реттейді. Бір сөзбен айтқанда, жүгерінің жүз түрлі пайдасы бар.

Жүгері жылылықты сүйеді. Сортына қарай өнуінен толық пісуіне дейін 65-тен 150 күнге дейін уақыт кетеді екен. Дүние жүзінде жүгерінің 3000-нан астам сорты бар. Оның қай-қайсысы да пайдалы. Біз мұны неге айтып отырмыз? Қазақстан, оның ішінде біздің өңір жүгері өсіруге өте қолайлы өңір саналады. Әрі көзін тапса, жүгері – байлық көзі. Сондықтан жүгері кластерін дамыту – Түркістан өңірі үшін өте тиімді бастама.

Жалпы алғанда, Түркістан облысында іске асырылып жатқан жүгері кластерлері өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін толық іске қосуға бағытталған жүйелі қадам. Бұл бастама жаңа өндірістерді іске қосып қана қоймай, мыңдаған адамды тұрақты жұмыспен қамтуға, экспорттық кірістерді ұлғайтуға және облысты еліміздің жетекші аграрлық-индустриялық орталығына айналдыруға негіз болмақ.