Павлодар облысының орталығындағы №3 жылу-электр стансасындағы төртінші қазандық агрегатының күрделі жөндеуі аяқталуға жақын. Наурызда басталған жұмыстардың бүгінде 80 пайызы аяқталған. Сондай-ақ өзге де негізгі жылыту құрылғылары жөндеуден өтуде.
Павлодар қаласының тұрғындарын жылумен және электр энергиясымен қамтамасыз ететін №4 қазандықты жөндеуге 496,6 миллион теңге бөлінген. Қазандықтың биіктігі тоғыз қабатты үймен бірдей. Ал, ұзындығы 160 метрді құрайды. Сондай-ақ стансада №1 турбинаға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оған 230 миллион теңге бөлінген. Жөндеу науқанының барысы туралы стансаның бас инженері Сергей Петров айтып берді.
— №4 қазандықтан бөлек, №1 турбоагрегат жөндеуден өтуде. Қазіргі таңда жұмыстардың 72 пайызы орындалды. Сондай-ақ биыл биіктігі 180 метр болатын түтін құбыры да жөнделеді, — дейді С.Петров.
Айта кетейік, бұған дейін №3 жылу-электр стансасы 50 жылдан бері бір мұржамен жұмыс істеп келген болатын. Сондықтан оны тоқтатып жөндеуге мүмкіндік болмаған. Тек өткен жылы стансада екінші мұржа құбыры іске қосылды. Енді бірінші құбырды жөндеуге мүмкіндік бар. Жөндеу жұмыстары 20 маусым мен 20 шілде аралығында жүргізіледі. Бүгінге дейін құбыр тексеріс үшін тоқталып, сараптамалық қорытындылар алынды. Жөндеу кезеңінде жұмыс істеп тұрған қазандық агрегаттары №2 мұржа құбырына ауыстырылады. Бұл стансаның электр қуатын өндіруіне еш кедергісін келтірмейді.
— 20 маусымнан бастап мұржа құбырының іші толықтай тазартылады. Яғни, жоғарыдан бастап түбіне дейін тазалаймыз, қосымша тексереміз және барлық жоспарланған жөндеу жұмысын жүргіземіз. Стансаның жылу қуаты төмендеген кезде бізде №1 құбырды жөндеуге мүмкіндік болады. Жөндеуден кейін екі құбыр да қатар жұмыс істейді, — деп түсіндірді бас инженер.
Сондай-ақ жылыту маусымына дайындық шеңберінде энергетиктер №2 және №3 қазандық агрегаттарына күрделі жөндеу және ЖЭО-2 турбинасына кеңейтілген ағымдағы жөндеу жүргізеді. Сарапшылар бірінші турбоагрегат қазірдің өзінде қатты тозғанын айтады. Болашақта ол да толығымен жаңартылмақ. Бұған дейін «Павлодарэнерго» АҚ бас директоры турбоагрегатты дайындау бір жарым жылға созылатынын, ал жаңғырту 2026 жылы жүргізілетінін атап өткен болатын.
«Павлодарэнерго» АҚ стансаларындағы жөндеу науқаны барысында қосалқы және жалпыстансалық жабдықтарды, ғимараттар мен құрылымдарды, душ және санитарлық тораптарды күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспарланған. Бұл ауқымды жұмыс 2025-2026 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңде станса жабдықтарының сенімділігін арттыруға, тұтынушыларды жылумен және электрмен үздіксіз жабдықтау үшін жағдай жасауға және ҚР заңнамасына сәйкес нормативтік-техникалық талаптарды орындауға бағытталған.
Айта кетейік, бүгінде ірі кәсіпорын облыс орталығының басым бөлігін жылумен және электр энергиясымен қамтиды. Негізгі тұтынушылары — өндіріс орындары және көпқабатты үй тұрғындары.