Жолбарыспен айқасқан Бектұрған

0 6

Балқаш ауданының таңбасында ­(эмблема) ну қамыста жүрген жолбарыс пен көлден ұшып-қонып жатқан үйрек-қаз бейнеленген. Оның өзіндік себебі бар. Өткен ғасырдың алғашқы жартысына дейін аң-құсқа бай бұл өңірді жолбарыстар мекендеген. Деректер бойынша, Қазақстандағы соңғы жолбарысты 1948 жылы қазіргі Желтораңғы аумағынан орыс аңшы атып алған. Бұдан кейін жерімізден жолбарыстың ізі байқалмаған.

Мен естіген бұл оқиға шамасы 1923-1924 жылдары болу керек (әкемнен анықтап сұрамаппын). Ол кезде ел шашыраңқы 3-4 үйден көл, өзендердің жағасында мал бағып, аң аулап тіршілік еткен. Ауыл арасына қатынау қиын, үлкен жол жоқ, ну қамыс, тоғайлы жерлер. Қазір біз «Асаубай» деп атайтын жерде сол жылдары бір жолбарыс пайда болып, малға, адамға шабуыл жасап, әбден елдің мазасын алған екен. Тіпті, Бектұрған әкеміздің жақын әпкесін, тағы бір адамды жеп кетеді. Осыдан кейін ел азаматтары жолбарысты өлтіру үшін Асаубайдың ауылына жиналады.

Асаубай елге қадірлі, ағайын-туыстың басын біріктіре алатын, ықпалды адам болған. Сол кісінің үйіне жиылған жұрт бір малды құрбандыққа шалып, қариялардың батасын алғаннан кейін, аң аулауға икемі бар жігіттерді іріктеп шығарып салады. Солардың ішінде Бектұрған әкеміз де болған. Бұлар аттанар күннің алдында қар жауып, сонар болады. Аңшылар жолбарыстың ізіне түседі. Ол кезде қару-жарақ тапшы кез. Көбінде мылтық жоқ, айбалта, шоқпармен қаруланған.

Бектұрған және тағы бір-екі адам қамыс ішіне кіреді. Қалғандары сыртта күзетіп тұрады. Бұлар асқан ептілікпен қамысты сылдырлатпай жолбарыс жатқан жерге жақындайды. Сол кезде Бектұрған әкеміз өзіне қарсы қарап, атылуға дайын тұрған жолбарысты көреді. Көп ойланып тұруға болмайды, жыртқыштың жүрек тұсынан көздеп, мылтығының шүріппесін басып қалады. Оқ тиген жолбарыс өзінің жаралы болғанына қарамастан ­Бектұрғанға тұра ұмтылады. Мылтықты қайта оқтауға мүмкіндік болмағандықтан, ол жолбарысты мылтықтың құндағымен ұрады. Ал, жолбарыс болса азу тістерімен құндағын қарш-қарш шайнап, одан әрмен өршеленеді. Әкеміздің аяғы қамысқа шалынысып, мылтық қолынан түсіп кетеді. Сәл артқа шегініп, белбеуіндегі айбалтасын алып үлгереді. Бар қайратын бойына жинап, балтасын сермегенде, жолбарыстың аузына дәл тиіпті. Екеуі бір-бірін ала алмай ұзақ тұрады. Қалғандары жолбарыстың дауысын естіп, ­Бектұрғанды жеп қойды деп ауылға қаша жөнеліпті.

Үш-төрт адам төбенің басында тұрып қалады. Солардың бірі – күйеубаласы Үмбетәлі екен. Жаралы жолбарыстың дәрменсіз екенін аңғарған атамыз бар дауысымен айқайлап, «Ау, ағайын, кім бар мұнда?!», дегенде Үмбетәлі қолына шоқпарын алып, атпен шауып келіпті. «Әй, Үмбетәлі, қорықпа, жейтін болса бағанадан бері мені тірі қоймайтын еді, сен дәл маңдайынан ұр», дейді Бектұрған. ­Үмбетәлі шоқпармен басынан ұрғанда жолбарыс құлап түседі.

Өлі жолбарысты төбенің басына сүйреп шыққанда ауылдағы адамдар да жүгіріп жетеді. Жиылған топ ­Бектұрғанның тірі екенін көріп, жылап көріседі. Жолбарысты сойып, терісін Асаубайдың босағасына іледі. Сөйтіп, елге қауіп төндіріп жүрген жыртқышты өлтіріп, ел-жұрт үрейден арылыпты. Бектұрғанның батырлығын сол оқиғаға куә болғандар көпке дейін үлгі тұтып, мақтанышпен айтып жүрген.