Жол бойындағы жайлылықтың жаңа стандарты

0 1

Халықаралық транзиттік дәліз – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолы бойында, нақтырақ айтқанда Меркі ауданына қарасты Ақтоған ауылы маңында алғашқы заманауи «Keruen Inn» қонақүй кешені пайдалануға берілді.

Жаңа нысанның ашылу салтанатына Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек, Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұлов, сондай-ақ жоба серіктестері мен жергілікті тұрғындар қатысты.

Аталған жоба Мемлекет басшысының көлік инфрақұрылымын дамыту және сапалы жол бойы сервистік қызметтер желісін кеңейту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асырылып отыр. Қонақүй «Qazaq Oil» компаниясының бастамасымен қолға алынған «2025–2029 жылдарға арналған 60 жол бойындағы қонақүй» бағдарламасы шеңберінде салынды. Айта кетерлігі, құрылыс толықтай жеке инвестициялар есебінен қаржыландырылған.

— Президентіміздің тапсырмасына сәйкес, елімізде көлік-логистика бағытында үлкен серпін беретін жобалар іске асырылуда. Бұл бағытта жол бойы қызмет көрсету сапасын арттыру – басым міндеттердің бірі. Жаңа кешен – тек жолаушыларға қолайлы жағдай жасау ғана емес, сонымен қатар, жергілікті тұрғындар үшін жұмыс орындары мен кәсіпкерлік мүмкіндіктерінің көзі, — деді облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек.

Жоба аясында бой көтерген «Keruen Inn» – халықаралық стандарттарға сай жабдықталған, жайлылық пен қауіпсіздік талаптарына толық жауап беретін нысан. Қонақүйдің жалпы аумағы 900 шаршы метрден асады. Мұнда 31 стандартты бөлме бар. Әр бөлме жеке санитарлық тораппен, душ, теледидар және тегін «Wi-Fi» желісімен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, қонақтар үшін барлық қажетті гигиеналық құралдар қарастырылған.

Кешен аумағында жолаушылар мен жүргізушілерге арналған қосымша қызмет түрлері де ұйымдастырылған. Атап айтқанда, кең мәзір ұсынатын кафе, тәулік бойы күзетілетін автотұрақ, кір жуу қызметі, жолға қажетті тауарлар дүкені, жанармай құю стансасы және электр көліктеріне арналған қуаттау бекеті бар.

Qazaq Oil компаниясының мәліметінше, бұл – жол бойындағы сервистік экожүйені қалыптастыруға бағытталған алғашқы қадам. Жоба алдағы жылдары еліміздің негізгі көлік дәліздерінде — «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», «Солтүстік – Оңтүстік» бағыттарында, сондай-ақ шекара бекеттері мен туризмге әлеуеті жоғары аймақтарда кеңінен жүзеге асатын болады.

Сапарлаған жолаушылар үшін жайлы әрі қауіпсіз демалысты қамтамасыз ететін осындай кешендердің саны артса, еліміздің ішкі туризмі де жаңа деңгейге көтерілетіні сөзсіз.