Адамзат тарихында бұрын-соңды орын алған қарулы қақтығыстардың ішінде өткен ғасырда елу миллиондай адамның өмірін жалмаған екінші дүниежүзілік соғыстың кесепаты ауыр болды. Бұрынғы одақ елдерінде Ұлы Отан соғысының зардабын шекпеген қала, ауыл, отбасы некен саяқ. Бүкілхалықтық қасіретке айналған бұл қанды қырғынға тек Қордай жерінен аттанған 10 мың 784 адамның жартысына жуығы туған табалдырығына қайта оралмады. Олардың қатарында майдан даласында асқан ерлікпен қаза тапқан, есімі отансүйгіштіктің үлгісіне айналғандары да бар.
Бала кезімізден әйгілі 28 батырдың ерлігіне тәнті болып өстік. Олардың Мәскеу түбіндегі қанды шайқасы Ұлы Отан соғысындағы ең жоғары ерлік үлгісі ретінде тарихта қалды. Соғыс басталғаннан кейін іле-шала Алматыда жасақталған генерал-майор И.В.Панфиловтың 316-шы атқыштар дивизиясының үлесіне сол кездегі ортақ Отанымыздың жүрегі Мәскеуді қорғау тиді. Ал, дивизияның 1075-ші полкі, 4-ші ротасындағы жиырма сегіз жауынгердің 1941 жылғы 16 қарашада Дубосеково разьезінде күші басым жаумен қасық қаны қалғанша шайқасып, жауды бір адым да алға жібермеген таңғажайып ерлігі бүкіл майданға аңыз болып тарады. «Ресей кең байтақ, бірақ шегінерге жер жоқ, артымызда – Москва!» Бұл саяси жетекші В.Клочковтың ақтық шайқас алдында жауынгерлерін жігерлендіріп айтқан соңғы сөзі еді. Онымен бір окопта ерлікпен опат болған жиырма сегіздің бірі – Николай Никонорович Белашов біздің қордайлық азамат екені мақтаныш сезіміне баурайтын.
Ұлы Отан соғысының тарихында алтын әріптермен жазылып қалған панфиловшылар тобының бұл ерлігі туралы осы оқиғадан небәрі екі күн өткенде, 19 қарашада бүкілодақтық «Известия» газеті бірінші болып хабарлағаны тарихи дерек. Газет тілшісі Г.Иванов «8-ші гвардиялық дивизия шайқаста» деген мақаласында 1075-ші атқыштар полкінің сол қанатында қорғаныста тұрған роталардың бірі қиян-кескі шайқаспен жаудың тоғыз танкісін жайратып, үшеуін өртеп жібергенін, қалғанын кері шегінуге мәжбүр еткенін жазған. Ал, 28 қарашада «Красная звезда» газетінде бұл ерлікке «28 батырдың өсиеті» деген тақырыппен басмақала арналады. Осылардың негізінде және сол алапат шайқаста ауыр жараланып, ғайыптан тірі қалған жауынгерлердің айтуымен «Красная звезданың» 1942 жылғы 22 қаңтардағы нөмірінде Александр Кривицкийдің шайқастың жай-жапсары толық бейнеленген «28 батыр туралы» деген көлемді очеркі жарық көреді.
Ал соғыстың басталуына бір жыл толғанда, яғни, 1942 жылғы 22 маусымда елдің бас басылымы – «Правда» газеті: «Орыс гвардиясының дәстүрімен жеңіске жету жолында өлімге қасқая қарсы тұруы, өзін құрбандыққа қиюдан да тайсалмас жанкештілігі мен төзімділігі – советтік 28 батырды ерлікке жетелеген ерек қасиеттер болды» деп жазды.
Майдан шебінің жақын қалғанына қарамастан, сол күндері Мәскеу барлық соғыс қимылдарына жетекшілік ету құқын қолдан шығармады. Тіпті, 7 қарашада Қазан төңкерісінің 24 жылдығы құрметіне Қызыл алаңда әскери парад өткізіліп, одан шыққан бойда әскери бөлімдер мен техникалар бірден алғы шепке орнығып жатты. Бұл сапта Батыс майданы, генерал К.Рокосовский басқаратын 16-шы армияға қарасты Панфилов дивизиясының бөлімдері де болды. Тарихи алаңмен әскери маршта жүріп өткен әр жауынгер сол кездері астананы қорғаудың аса маңыздылығын жан жүрегімен сезініп, жауға деген өшпенділік бойларында қанмен бірге буырқанған кекке айналғаны анық. Мәскеуден айырылу – бәрінен айырылу деп түсінді олар.
КСРО-ға тұтқиылдан соғыс жариялаған кезде гитлершілдер қыс түскенше Мәскеуді басып алуға ұмтылғаны мәлім. Бар күш соған жұмылдырылды. Қазан айында-ақ қала соғыс қимылдары аймағында қалды. Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің 19 қазандағы қаулысымен Мәскеу қоршауда қалу жағдайында деп жарияланған болатын. Қорғанысқа тылдан тың күштер үсті-үстіне әкелініп жатты. Олардың қатарында 316-шы атқыштар дивизиясының бөлімдері Мәскеуді Волоколамск бағытында қорғауға қойылып, 14 қазаннан ұрысқа кіреді. Осы дивизияның командирі генерал Панфиловтың әскери бөлімдерге таратылған бұйрығындағы: «…Біз Мәскеу үшін ұрыстардың ең маңызды және шешуші нүктесінде тұрмыз. Жау біздің қорғанысымызды бұзып өтуге бар күшін салып, жүрегіміз – Мәскеуге ұмтылатын болады… Не жеңу, не өлу. Бір қадам да артқа шегінбеу! – Отанымыздың бізге, Мәскеуді қорғаушыларға жауынгерлік бұйрығы осындай…» – деген жалынды сөздерімен жігерленген панфиловшылар қандай ерліктерге де тастүйін дайын еді.
… 16 қарашада таңертең дивизия орналасқан аумақты жау алдымен ұшақтармен бомбалап, артынша бір сағатқа жуық артиллериямен төпеледі. Аспан айналып жерге түскендей алапат атыс басыла бере Красиково деревнясы тараптан қарақұрттай қаптаған неміс автоматшылары Дубосеково разьезіндегі 1075-атқыштар полкі, 2-батальон, 4-ротасының 2-ші взводы тұрған бекініс шебіне қарай ентелеп келеді. Жауынгерлер окоп ернеуінен оларға ызбар шаша көз тігеді. Бұлардан еш қарсылық күтпестен, қаруларын көлденең ұстап парадтағыдай аяқтарын алшаң басқан фашистерге зығырданы қайнап, шетінен қырып салмаққа тек, жақындай түсуін күтуде. Гитлершілдер жүз қадамдай жерге таяғанда ысқырық естілді. Бұл взвод командирі орынбасарының атысты бастауға белгісі еді. Сол-ақ екен біздің жақтан пулемет сақылдап қоя берді – атып жатқан Иван Шепетков. Алматылықтар оны филармония әртісі, цирк акробаты ретінде білетін. Қазір ол аузынан от шашқан алапат соғыс қаруымен оқты қарша боратып жаудың алдыңғы легін баудай түсіріп жатыр. Оған таяу жерде тағы бір алматылық темір ұста Гаврил Митин винтовкамен немістерді нысанаға алып атуда. Алматы зооветинститутының ветсанитары Әлікбай Қосаев, Алматы облысы, Қаратал ауданының колхозшысы Мұсабек Сеңгірбаев, Шаумян атындағы артельдің мастері Абрам Крючков, Жамбыл облысы Қордай ауданының комсомолы Николай Белашов, Алматы трамвай тресінің жұмысшысы Нарсұтбай Есеболатов, қырғыз жігіті Дүйшенкул Шопоков… көздегендері мүлт кетпей жауға қарсы айбат көрсетуде.
Осы қанды қырғыннан ауыр жараланып аман қалғандардың бірі Григорий Шемякин кейіннен былай деп жазды: «Жиырмашақты бронды машина жер әлемді солқылдата біздің шепке таяп келе жатқанда ең алдымен мазалағаны қорғанысымыздың тағдыры болды. Күш тіпті де тең емес еді, бір-бірмізге қарадық. Осы мезет рота политругі Клочковтың жайбарақат дауыспен: «Несі бар, батырлар! Жиырма танкі екен, әрқайсымызға бірден де келмейді!» – деген сөзі қорқынышымызды басқандай болды… Бір танкі менің ұяма қарай тура салып келеді. Аралық жиырма метрдей қалғанда орнымнан көтеріліп оған граната лақтырдым. Жарылыс толқыны қалың қар мен топырақты құмдай сапырды. Оң жағыма қарасам, қасымдағы Григорий Конкин жарылғыш жанармай құйылған шөлмектерді дәл көздеп лақтыруда. Оның қатарындағы Мұсабек Сеңгірбаев пен одан әріректегі Нарсұтбай Есеболатов гранатамен бір танкінің шынжыр табанын үзді. Екі танкіні Иван Шадрин, төртеуін бронды атқыштар Петр Емцов пен Николай Белашов өртке орады…».
Қазақстандық жауынгерлер соғыс тарихында сирек кездесетін осындай ерлік жасап, жаудың болат құрсанған машиналарына төтеп берді. Гвардияшылардың 23-і қаза тапты, бірақ жау танкілері олардың шебінен өте алмады. Бұл ерлік бүкіл майданға аңыз боп тарады. Осыдан екі күннен кейін, 18 қарашада генерал Панфилов та қаза тапты, іле-шала дивизияға оның есімі берілді. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1942 жылғы 21 шілдедегі Жарлығымен барлығына Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Жиырма сегіз батырдың бірі Николай Белашов Жамбыл облысы Қордай ауданының Сұлутөр өңірінде Новопавловка (қазір Белашов) ауылында 1911 жылы дүниеге келген. Бастауыш сыныптық білімі болды, комсомол мүшесі. Соғысқа дейін Киров атындағы колхозда темір ұста болып істеген, ауыл шаруашылығы артелі комсомол ұйымының хатшысы болған. 1941 жылы шілде айында отыз жасында әскерге шақырылып, 316-шы атқыштар дивизиясына қабылданады. Кеңес Одағының Батыры Н.Белашовтың есімі ауданда құрметпен аталады. 1977 жылы аудан орталығында бюсті орнатылған болса, 2007 жылғы Жеңіс күнінде бұл орынға жаңа ескерткіші қойылды. Бейбіт аспан астында жезбен қапталған солдат бейнесі күнге шағылысады. Қолында граната, жарқын болашақ үшін өлімге бәс тіге жау танкісіне қарсы ұмтылған батырдың өр тұлғасы. Осыдан сексен төрт жыл бұрын Волокаламск тас жолының бойында, Дубосеково разъезінің түбінде 28 панфиловшы батырлар жасаған өшпес ерліктің қас-қағым көрінісі осылай бейнеленген. Ескерткіштің ашылу салтанатына батырдың туған қарындасы Александра Никоноровна, қызы Валентина Николаевна келіп қатысқан болатын. Белашовтың өз кіндігінен бір ұл, бір қызы болған. Анатолий деген ұлы Киров атындағы колхозда жүргізуші болып жұмыс істеп, кейін Алматы жаққа қоныс аударған. Қазір олардан бірнеше немере, шөберелері бар. Батырдың өзі туған шағын ауылға, аудан орталығының және Үлкен Сұлутөр ауылының бір-бір көшесіне есімі берілген. Аудандық мұражайда, мектептерде батырдың тарихи деректері қойылған бұрыштар бар.
«Елу жылда ел жаңа», ерлік жасалғалы бері өткен сексен төрт жылда талай су ағып, өмір өзгерді. Жарты әлемді уысында ұстаған КСРО да келмеске кетті, бүтін қоғам жаңарды. Тіпті, тарихқа жаңаша көзқарасты желеу етіп, осыдан оншақты жыл бұрын біз сөз етіп отырған панфиловшылардың ерлігін ойдан шығарылған өтірікке балаған пікірлер пайда болғаны да бар. Олар кеңес оқулықтарында жазылған батырлардың, ерлік оқиғалардың көпшілігі символикалық қана – «дзотты кеудесімен жапқан» матросовтар тәрізді, Волокалам тас жолында тас бекініп, елу танкіні алға салып келген қалың жаудың бетін қайтарған «жиырма сегіздің ерлігі» де сол тұста жауынгерлік рухты көтеруге керек болған ұрандар мен идеялардың жемісі деген сыңаржақ ойларын алға тартқан-ды. Оны қолдаушылар біздің елімізде де табылып, Алматыдағы 28 панфиловшылар саябағының атын өзгерту туралы ұсыныстармен шыға бастап еді. Алайда, тарихи шындық жеңді! Мәскеуден шыққан «бүлікті» Мәскеудің өзі басты. 28 панфиловшылардың ерлігін жоққа шығарушыларға ресейлік әскери тарихтың білгірлері архивтерді ақтарып, ақыры «аса құпия» деген таңбалы «Смерш» құжаттары негізінде 2018 жылы тойтарыс берді. Тіпті, РФ Мәдениет министрі В.Мединскийдің өзі: «Бұл құжат тарихта 28-дің ерлігі біз ойлағаннан да зор екенін дәлелдейді», деуі тегін емес.
Рас, соғыс уақытында әскери рухты көтеру керек болды. Майдан даласында тауымыз шағылып, әскерлеріміз жылдам шегініп бара жатты. Тұтас армиялар қоршауда қалып, Мәскеудің өзіне қауіп төнді. Байтақ елдің тағдыры қыл үстінде тұрған сондай қысталаң сәтте мұндай ерліктердің жасалмауы да мүмкін емес-ті. Сондағы «Сталин үшін!», Отан үшін!» деген ұранның соқыр көзден жас шығарар қуатын майдангерлер күні кешеге дейін көздеріне жас алып отырып еске алатын.
Әрине, соғыстың аты соғыс, онда ойға келмеген жайлар да болып жатты. Мәселен, алғашқыда түгел қырылды деп саналған батырлардың алтауы тірі қалған. Васильев, Шемякин, Шадрин, Тимофеевті кейіннен санитарлар ұрыс даласында өлімші болып жараланған күйде тауып алған. Ал, Қожабергенов пен Добробабиннің тағдыры басқаша өрбіді. Рота байланысшысы Қожабергеновты политрук сол күні таңертең Дубосековаға хабар айтуға жіберіп, ол жолай жаудың қолына түсіп қалады. Артынша амалын тауып неміс тұтқыннан қашып орман ішінде жасырынып жүрген жерінде біздің әскерлер тауып алады. Сөйтіп, ол атақты шайқасқа тікелей қатысқан жоқ. Ал, жараланып есінен танып жатқан Добробабинді немістер өздерімен алып кеткен. Кейіннен біздің әскерлерге қосылады. Бірақ, неміс тұтқыныда болғаны үшін ол кеңестік түрменің де төрінде біраз жыл отырады. Баз біреулер ойдан шығарылған деп жүрген ерлік оқиғасының шынайы көріністері осы тірі қалғандардың айтуымен де толықтырылған еді. Басында окоптағылар жиырма сегіз емес, жиырма тоғыз адам болған. Немістер екінші мәрте қаптаған танкімен келіп: «Орыстар, беріліңдер!» деп дауыс тастағанда бұлардан бір адам шығып тізерлеп жауға қол көтерген. Сол мезет окоптағылар сөзге келместен сатқынды ту сыртынан өздері атып салған.
Осы мақаланы дайындау барысында 28 батырдың әрқайсысының деректеріне мұқият үңіле отырып Белашовтан бөлек Москаленко Иван Васильевичтің де қордайлық болғанына көз жеткіздік. Мәскеуде 1988 жылы шыққан «Совет Одағының Батырлары» деген кітапта (II том, 118 бет) оның ұлты украин, 1912 жылы Жамбыл облысының Георгиевка селосында туғаны жазылған. Алтыншы сыныптан соң Ыстықкөл облысының Жетіөгіз ауданында жұмыс істеген. Соғысқа сол жақтан аттанған. Белашовпен бір күнде, бір окопта қаза тапқан И.Москаленконың қырғызстандық батырлар тізімінде жүруі сондықтан.
Ал, жалпы, исі қордайлық Кеңес Одағының Батырларының саны төртеуге барады. Тағы да жаңағы кітапты парақтайық. Сол екінші томның 550- бетінде Сущев Степан Захарович туралы айтылады. Ол 1914 жылы 24 желтоқсанда Қордай ауданының Георгиевка селосында туған. КПСС мүшесі, 1937 жылға дейін осындағы тері өңдеу зауытында жұмыс істеген. Соғысқа дейін әскери қызметін өтеп келіп, Фрунзеде НКВД органдарында қызмет атқарған. Майданға өзі сұранып барып, Орталық майданның 60-шы армия, 112-ші атқыштар дивизиясының 416-шы полкінде взвод командирі, атқыштар ротасының партия жетекшісі болды. 1943 жылы 28 қыркүйекте Киев маңында плацдармды алуда жараланған рота командирін алмастырып жаудың қарсы шабуылын тойтарғаны үшін Батыр атағы берілген. Соғыстан кейін Қырғызстанның Беловодск жүк автобазасында жұмыс істеді.
Сондай-ақ Романютин Александр Иванович те 1924 жылы Георгиевкада (бүгінгі Қордай) туған. КПСС мүшесі. Соғыстың аз-ақ алдында көрші елдің іргедегі Қант жұмысшылар поселкесінде мектеп бітіріп, сол жерден майданға алыныпты. Артиллерист, Воронеж, I-ші және II-ші Белорусь, I-ші Украин майдандарында соғысты. 1944 жылы Днепрден өтіп жау плацдармын алу кезіндегі ерлігі үшін Батыр атағы берілген. Соғыстан кейін Киевте, Алматыда тұрып, 2006 жылы қайтыс болды. Кіндік қаны Қордай топырағында тамған оларды да біздің батырлар деудің еш айыбы жоқ сияқты.
Айтпақшы, Батыр атағына ұсынылып, бірақ мінәйім себептермен ол берілмей қалған өзге де жерлестеріміз болған. Солардың бірі, жеке өзі үш жүзге тарта фашисті жер жастандырған мерген Әбіл Нүсіпбаев та Панфилов дивизиясының жауынгері еді. Ол соғысқа дейін де 1936 жылдан Қиыр Шығыста шекарада тыныштығын қорғаушылар сапында қызмет етіп, жапон самурайларымен болған әскери қақтығыстарда ерекше тапсырманы орындағаны үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған. Ал, неміс басқыншыларымен шайқастардағы ерліктері бүкіл майданға аңыз болып тарады. Сондай-ақ 179-шы артполктің Оразай Самақов басқаратын зеңбірек расчеті 1943 жылдың қазан-қараша айларындағы ұрыстарда жаудың тоғыз танкісін жойғаны, сол үшін есептоп командирі Батыр атағына ұсынылғаны туралы естеліктер бар. Бірақ, кезінде кеңестік сұрқия саясат, шовинистік пиғыл, басқаны былай қойып, Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Рақымжан Қошқарбаевтай ұлт батырларының ерлігіне көз жұма қарап, елеусіз қалдыруға тырысуының салдарынан талай қазақ жауынгерлерінің соғыстағы ерліктері лайықты бағаланбай қалғаны өкінішті.
Ерлік ешқашан ұмытылмақ емес. Ресейде де, біздің елімізде де 1941 жылғы сұрапыл күзде Мәскеу қорғанысына Панфилов дивизиясының өлшеусіз еңбек сіңіргені әділ бағаланды дей аламыз. Батырларға ескерткіштер орнатылып, фильмдер түсірілуде. Қаншама кітаптар жазылып, мұражайлар ашылды. Әндер шығарылып, театрлық қойылымдар қойылуда. 2005 жылы еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуде Ұлы Жеңістің 60 жылдығына арналған салтанатқа қатысып, Дубосеково разьезінде панфиловшы батырлардың қаны тамған топыраққа тағзым еткен, Волокаламск қаласында Панфилов пен Момышұлы бюстерінің ашылуына қатысқан болатын. Ал, 2017 жылы Ресей мен Қазақстан бірлесіп, «28 панфиловшылар» деген жаңа фильмді экранға шығарды. Иә, заман өзгеруде, бірақ біздің аталарымыз бен әкелеріміздің ел басына күн туғанда есепсіз төгілген қанымен жасалған ерлігіне, Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске деген құрметімізге ешқашан дақ түспеуге тиіс. Олардың қатарында 28 батырдың ерлігі де қай заманда да мәнін жоғалтпайтын, отаншылдық асқақ рухтың өнегесіне айналған, күйе жағылмайтын ерлік деп білеміз.