Жеке инвестор ел аймақтарында визиторталықтарын салуда

0 3

Туризм және спорт министрлігі ішкі туризмді дамытуға отандық кәсіпкерлерді кеңінен тарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Соның нәтижесінде «PANA ASIA» ЖШС-і Түркістан облысындағы көне Отырар қаласында визиторталық салу жобасын қолға алмақ.

Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабасыновтың «PANA ASIA» ЖШС құрылтайшыларының бірі Нұржан Ниязалиевпен және компанияның бас директоры Сәуле Жаңабаевамен жұмыс кездесуінде белгілі болды. Инвесторлардың айтуынша, жоба тұжырымдамасы әзірленген кезде Отырардың тарихи мұрасына, әсіресе орта ғасырларда әлемдегі ең ірі кітапханалардың бірі саналған әйгілі Отырар кітапханасына ерекше назар аударылған. Жаңа визит-орталық тек туристік нысан ғана емес, аңызға айналған кітапхананы қайта жаңғырту идеясының символына айналмақ.

Жобаны жүзеге асыру 2027 жылға жоспарланған.

Жалпы «PANA ASIA» компаниясы еліміздің туристік инфрақұрылымын дамытуға белсенді түрде инвестиция салып келеді. Қазіргі кезде Түркістан облысындағы «СайрамӨгем» ұлттық паркі мен Маңғыстау облысындағы «Бозжырада» визит-орталықтардың құрылысын жүргізуде. Алдағы уақытта Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданында, Жамбыл облысындағы «Көксу шатқалында визит-орталықтар салмақ.

«Аталған жобалар аясында 1800 жұмыс орнын ашып, олардың санын 3000-ға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз. Қазақстанда қоғам үшін пайдалы іспен айналысу қажеттігін көрсетіп, өзге инвесторларды ынталандырғымыз келеді. Біз тек инфрақұрылым салып қана қоймай, мәдени бірегейлікті қалыптастырып, ұлттық құндылықтарды насихаттауға да күш саламыз», – деді Нұржан Ниязалиев.

Министр жеке инвестицияны саланың тұрақты дамуының маңызды факторы ретінде атап өтті. Министрдің айтуынша, визит-орталықтар туристерге қолайлы жағдай жасап, қажетті ақпаратпен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ саяхатшылардың еліміздегі сапардан алған әсерін арттырады. Бұдан бөлек, бұл жобалар жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді.

Кездесу барысында тараптар туристік нысандарды салу кезінде экологияны сақтау мен орнықты туризм қағидаттарын ұстануға ерекше мән берілетінін атап өтті.