Енді павлодарлық «жедел жәрдем» стансасының мамандары шақыртуға видеожетонмен барады. Медициналық бригада науқастың үйіне кірген сәттен бастап қызмет көрсету барысы толықтай арнайы құрылғыға жазылады. Бұл — медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды жаңашылдық.
Облыстық «жедел жәрдем» стансасы басшысының орынбасары Ирина Мищенконың айтуынша, бұл құрылғылар дәрігерлерді шабуыл мен дау-жанжалдан қорғауға көмектеседі.
– Өкінішке қарай, шақырту барысында тұрғындар тарапынан дөрекілік танытып, диспетчерлердің кеңесіне құлақ аспайтын жағдайлар жиі кездеседі. Биылдың өзінде үш рет «жедел жәрдем» қызметкерлеріне шабуыл жасалды. Мұндайда полиция араласуға мәжбүр, – дейді ол.
Қазіргі таңда өңірдегі 70 медициналық бригада толықтай видеожетонмен қамтамасыз етілген. Құны 240 мың теңге тұратын құрылғылар әр бригадаға берілген. «Жедел жәрдем» мамандары күніне кемінде 1500 шақырту қабылдайды. Күз мезгілінде вирустық инфекциялардың таралуына байланысты бұл көрсеткіш одан да арта түспек.
«Жедел жәрдем» дәрігері Ален Мұсабеков видеожетон қызметкерлер үшін ғана емес, науқастар үшін де қауіпсіздік кепілі екенін атап өтті. Оның айтуынша, жазба арқылы жанжалдың себеп-салдарын нақты анықтауға болады.
– Бір жолы науқастың туысы пышақ ала жүгірді. Жағдай ушығып кетпес үшін дереу полиция шақырдық. Мұндай сәттерде видеожетон бізді қорғайды, – дейді ол.
Ал, дәрігер Павел Мельник қызмет барысында мас адамның көлік терезесін сындырғанын мысалға келтірді. Оның сөзінше, мұндай жағдайлар сирек емес.
Бұл бастама Қостанай қаласында орын алған қайғылы оқиғадан кейін қолға алынды. Емделуші тарапынан соққы алған хирург жансақтау бөліміне түскен еді. Осыдан кейін өңірде ауруханалардың қабылдау бөлімдеріне бейнебақылау мен дабыл батырмаларын орнату қолға алынды.
Видеожетондар жедел жәрдем қызметінің ашықтығын арттырып қана қоймай, мамандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиімді құралына айналып отыр.