Жасыл бастама – жарқын болашақтың кепілі

0 1

Алматыда көктеммен бірге қала тазалығы мен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жастар қозғалысы жаңа серпін алды. «Жасыл ел» және «Жас Эко Патруль» еңбек жасақтарының көктемгі кезеңі ресми түрде басталды. Игі бастамаға Алматы қаласының Жастар саясаты басқармасы мұрындық болып отыр.

Биыл бұл экологиялық қозғалыс «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өткізіліп, оған 300-ден астам студент, колледж түлектері мен еріктілер жұмылдырылуда. Ал, жазғы маусымда еңбек жасақтарына 2100-ден астам жас тартылып, олар ресми түрде жұмысқа орналастырылады деп жоспарлануда. Жобаға 16-35 жас аралығындағы кез келген адам қатыса алады. Жастар «Жастар рухы Алматы» жастар кеңсесі, ЖОО мен студенттік экоклубтар арқылы тіркеліп, жалақы төленетін ресми жұмысқа тұрады. Сонымен қатар, бұл жоба олардың мансап жолындағы алғашқы тәжірибесіне айналуы әбден мүмкін. Жасыл жасақтардың жұмысы жаз бойы жалғасатынын да айта кеткен жөн.

Жастар саясаты басқармасы басшысының орынбасары Алмаз Кеңесбайдың айтуынша, бұл жоба тек сенбілікке шығу немесе ағаш отырғызу шараларымен шектелмейді.

– Басты мақсат – экологиялық жауапкершілікті қалыптастыру және жастарды қаланың дамуына белсенді араластыру. Бұл – саналы ұрпақ тәрбиелеудің маңызды құралы, – дейді ол.

Жасыл жасақтар көктем басталғалы бері 15-тен астам экологиялық іс-шара өткізіп үлгерді. Қала шегінде және маңындағы аймақтарда ағаш отырғызылып, саябақтар мен су қоймаларының жағалаулары тазартылды.

Abay University студенті Сабина Байғараева бұл жобаға қатысу өзінің өмірлік ұстанымымен үндес екенін айтады.

– Мен Алматыны таза әрі жайлы қала ретінде көргім келеді. Бұл жобаға қатысу – мен үшін жұмыс қана емес, жаным қалаған іс. Жас ұрпақ үлкен өзгерістерді кішкентай қадамдардан бастауы керек, – дейді ол.

Биылғы жылдың тағы бір ерекшелігі – ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда тұрақты жұмыс істеу бастамасы. «Жасыл ел» алғаш рет Іле-Алатау ұлттық паркінде тұрақты экологиялық қызмет атқарады. Жас эко-жауынгерлер Медеу, Көк-Жайлау, Үлкен Алматы көлі сынды туристік аймақтарда тазалық жұмыстарын жүргізіп, келушілерге арнап, ақпараттық тақтайшалар орнатып, экологиялық жадынамалар таратады.

– Екінші жыл қатарынан «Жасыл ел» қатарына қосылып отырмын. Бұл тек жазғы табыс көзі емес, табиғатқа деген шынайы жанашырлықтың белгісі. Әрбір отырғызылған ағаш – болашаққа жасалған үлкен қадам, – дейді «Жас Эко Патруль» мүшесі Нұрлыбек Ақтілек.