Жастарға шабыт беруде

0 2

Әйгерім Төребаева көпбалалы жас ана. Ол барлық қиындыққа қарамастан сұлулық әлемінде өз кәсібін тапты. 

Кірпік ұзарту шебері ретінде үш ай жұмыс істеп, тұтынушылар сенімін иеленді. Бұл оңай болған жоқ. Әйгерім табандылық пен әлеуметтік бағдарламалар қолдауының арқасында өмірін өзгертіп, өзгелерді де шабыттандыруда.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының әлеуметтік бағдарламасының арқасында кәсіпке ынта білдіргендердің саны артып келеді. Өткен жылдың тамыз айында Әйгерім Төребаева шеберлігін шыңдау үшін арнайы кірпік ұзарту курсынан өтіп, сертификат алды. Бұл курстар жастарға жаңа мамандықтар мен дағдыларды игеруге көмектеседі. Әйгерім білім алып, қызмет саласын өзгертудің еш уақытта кеш болмайтынына сенімді. Ол әйелдердің үнемі әдемі болып жүруін қалайды және ол оның жұмысын ерекше мағыналы етеді.

Әйгерімнің мамандығы – журналист. Декреттік демалыстан оралғаннан соң ол өзін басқа салада көруді ұйғарды. Сөйтіп, кірпік ұзарту ісі бойынша шығармашылық қабілетін шыңдауға кірісті. Оқу кезінде кірпік ұзарту, қасты ретке келтіру, бояу, шугаринг жасау бойынша тәжірибе жинақтады. Осылайша Әйгерім Төребаева жеке табысын ғана емес, сондай-ақ өмірден өз орнын іздеп жүрген талай жасқа шабыт беруде.