Мәжілістің жалпы отырысында қаржы нарығын реттеу және тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған заң жобасы екінші оқылымда қабылданды. Құжатта халықтың түрлі санаттарына несие беру тәртібін қайта қарау қарастырылған.
Жаңа талаптарға сәйкес, 21 жасқа толмаған және 55 жастан асқан азаматтар кепілсіз тұтынушылық несие алу үшін «электрондық үкімет» порталы арқылы ресми келісім беруі қажет. Бұл қадам аталған жас топтарының қаржылық шешім қабылдауын жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді.
Сондай-ақ онлайн форматта рәсімделетін кепілсіз тұтынушылық несиелерге 24 сағаттық «салқындау» кезеңі енгізілді. Бұл уақыт ішінде азаматтар ұсынылған шарттармен мұқият танысып, қажет болса, шешімін өзгерте алады.
Бұдан бөлек, алғаш рет несие алатын азаматтар несие рәсімдеу үшін банк немесе микроқаржы ұйымының бөлімшесіне жеке барып қатысуға міндеттеледі. Бұл шара несие тарихының ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Әскери борышын өтеп жүрген азаматтарға несие мен микрокредит беруге заң жүзінде тыйым салынды. Бұл олардың қаржылық тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді.
Алаяқтық жолмен рәсімделген несиелер мен микрокредиттерді есептен шығару тетіктері де кеңейтіледі. Банктер күмәнді операцияларды анықтау үшін қосымша өкілеттіктерге ие болады.
Микрокредиттер бойынша айыппұл мен өсімпұл есептеуге толық тыйым салынады (қарызды мүлде қайтармаған жағдайдан басқа). Сонымен қатар, әлеуметтік осал топтар үшін төлемдерді кемінде үш ай мерзімге айыппұлсыз кейінге шегеру қарастырылған. Қиын қаржылық жағдайға тап болған азаматтар үшін ай сайынғы төлем көлемі 50 пайызға дейін азайтылуы мүмкін. Ал, банктік несиені ішінара немесе мерзімінен бұрын өтегені үшін жеке тұлғалардан айыппұл өндірілмейді.
Жаңа заң қаржы нарығындағы әділеттілік пен ашықтықты арттыруға, азаматтардың құқықтарын қорғауға және несие рәсімдеудегі жауапкершілікті күшейтуге бағытталған.