Жамбыл облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Жамбыл облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Жандос Құттыбаевтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Баспасөз жиынында спикер ағымдағы жылдың 10 сәуірі мен 6 мамыры аралығында өңірде өтіп жатқан «Жасөспірім» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында атқарылған жұмыстар мен оның алғашқы нәтижелері жайлы жан-жақты баяндады.
– Қазіргі қоғамда жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық – өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе, балалардың саналы түрде қылмыстық жолға түсуі көбінесе отбасындағы тәрбиенің осалдығы мен әлеуметтік ортаның теріс әсерінен болады. Сондықтан да кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Ішкі істер министрлігінің тапсырмасына сәйкес, «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы Жамбыл облысында да басталды, – деді Жандос Құттыбаев.
Іс-шараның негізгі мақсаты – кәмелетке толмағандардың құқықтық сауаттылығын арттырып, оларды заңбұзушылықтан, қылмысқа тартылудан қорғау және олардың өміріне төнетін қауіптердің алдын алу. Полиция департаментінің 548 қызметкері күнделікті осы бағытта жұмыс жүргізуде.
– Іс-шара басталғалы бергі сегіз күн ішінде бірқатар нәтижелі жұмыстар атқарылды. Атап айтсақ, бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын 20 қолайсыз отбасы анықталып, құқық қорғау органдарының бақылауына алынды. Сонымен қатар, құқық бұзушылық жасаған 38 жасөспірім полиция есебіне қойылды. Олармен және олардың ата-аналарымен жеке профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде, – деді спикер.
Мұнымен қоса, мінез-құлқында ауытқушылығы бар 5 жасөспірім арнайы режимдегі мектепке жіберілген. Жетіспеген тәрбие, назарсыз қалған баланың ертеңгі күні қылмысқа баруы бек мүмкін. Бұл – дәлелденген шындық. Бейімдеу орталығына 9 жасөспірім орналастырылған. Ал, 3 ата-ана бала тәрбиесіндегі өз міндеттерін өрескел бұзғаны үшін ата-ана құқығынан айырылған немесе шектелген.
– Баланың тәрбиесі мен құқығын қорғау – бірінші кезекте ата-ананың міндеті. Осы міндетін орындамағаны үшін 72 ата-ана ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Түнгі уақытта заңды өкілінсіз көшеде жүрген 589 жасөспірім анықталып, олардың ата-анасына 442-баппен шара қолданылды. Себебі, дәл осы уақыт – бала үшін аса қауіпті, – деді Жандос Құттыбаев.
Сонымен қатар, қоғамдық тәртіпті бұзып, бұзақылық жасаған кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері де назардан тыс қалмаған. 435-бап бойынша 21 заңды өкілге әкімшілік жаза қолданылған. Ал, түнгі сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық орындарында кәмелетке толмағандарды заңды өкілінсіз кіргізген 16 кәсіпкер ӘҚБтК-нің 132-бабы аясында жауапқа тартылыпты.
Спикер өз сөзінде алдын алу жұмыстарында түсіндірудің, тәрбиелік іс-шаралардың рөлі зор екенін де ерекше атап өтті. Облыс аумағындағы оқу орындарында 1277 лекция ұйымдастырылып, БАҚ-та және әлеуметтік желілерде құқықтық тақырыптағы 230 жарияланым жарияланған. Сонымен қатар, 12 «дөңгелек үстел» отырысы, 24 ата-аналар жиналысы өткізілген.
– Тараз қаласы мен Қордай ауданында тыйым салынған заттарды алып жүрген үш жасөспірім ұсталды. Бұл – тек тәртіп сақшыларының емес, барша қоғамның, ең алдымен ата-ананың назар аударуы тиіс мәселе. Осыған байланысты, қазіргі уақытта мектептер мен колледждерде буллинг пен бопсалаудың алдын алу мақсатында анонимдік сауалнама жүргізіліп жатыр. Бұл сауалнаманың нәтижесі жасөспірімдер арасындағы психологиялық ахуалды нақты анықтауға мүмкіндік береді, – деді полиция полковнигі.
Атқарылған кешенді шаралардың нәтижесінде өңірде кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған қылмыс өткен жылмен салыстырғанда 37 пайызға азайған. Былтыр осы кезеңде 27 дерек тіркелсе, биыл 17 оқиға орын алған.
– Жалпы тіркелген 17 қылмыстың 10-ы – бөтеннің мүлкін ұрлау деректері. Бұл – 58,8 пайыз. Көбіне мұндай қадамға әлеуметтік жағдайы төмен немесе материалдық құндылықтарға еліктеген жастар барады. Қылмыс жасағандардың басым көпшілігі 16-17 жастағы жасөспірімдер, – деді Жандос Құттыбаев.
Үйден кету деректері де – алаңдататын көрсеткіштердің бірі. Бүгінгі таңда облыста 93 үйден кету фактісі тіркеліп, 96 кәмелетке толмаған балаға іздеу жарияланған. Оның ішінде 59-ы қыз, 37-сі ұл балалар. 74-і мектеп оқушысы, 18-і колледж студенті, ал 4-еуі оқымайтындар.
– Жасөспірімдердің қылмысқа бару себептері әртүрлі болғанымен, оның түпкі тамыры тәрбиеде жатыр. Сондықтан бала тәрбиесіне тек полиция немесе мектеп қана емес, бүкіл қоғам – ата-ана, көрші, туыс, ұстаз, бәрі араласуы керек. Қоғам болып жұмыла әрекет еткенде ғана біз ұрпағымызды теріс жолдан сақтап қала аламыз, – деді спикер.
Жиын соңында БАҚ өкілдері тарапынан түрлі сұрақтар қойылып, Жандос Құттыбаев әр сұраққа нақты әрі тұшымды жауап берді. Қатысушылар жасөспірімдер қауіпсіздігіне қатысты маңызды мәліметтермен танысып, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі полиция қызметінің жұмысына баға берді.