Цифрлық дәуірдің мүмкіндіктері кеңейген сайын алаяқтардың да айла-тәсілдері түрленіп, күрделеніп келеді. Қазіргідей жасанды интеллект (ЖИ) технологиялары қарыштап дамыған кезеңде олар адам дауысын айнытпай көшіріп, жалған бейнежазбалар жасап, азаматтардың сеніміне кіруді жаңа деңгейге көтеріп отыр.
Жамбыл облысы полиция департаментінің мәліметінше, өңірде осыған байланысты алаяқтық деректері жиілеген. Құқық қорғау органдары тұрғындарды осыны ескертіп, қауіпсіздік шараларын күшейтуге кірісті. Полиция қызметкерлері мектептер мен жоғары оқу орындарын, түрлі мекемелер мен тұрғын үй кешендерін аралап, ақпараттық парақшалар таратып, халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Полицияның айтуынша, қазіргі алаяқтар бұрынғыдай тек банк қызметкері немесе полиция өкілі ретінде хабарласпайды. Олар енді азаматтардың жақындарының дауысын көшіріп, «шұғыл көмек қажет» деген желеумен ақша аудартуға тырысады. Тіпті жасанды интеллект арқылы адамның бейнесін жасап, жалған видео арқылы шантаж жасау фактілері де тіркелуде. Бұл технологиялардың шынайылығы сонша – аңдамасаңыз, алданып қалуыңыз оп-оңай.
Мамандар осындай қылмыстық әрекеттердің алдын алу үшін бірқатар қарапайым, бірақ маңызды ережелерді ұстануға кеңес береді. Ең алдымен, көмек сұраған күмәнді хабарлама келсе, дереу басқа байланыс арнасы арқылы нақтылап алған жөн. Мысалы, қоңырау шалып, жағдайдың рас-өтірігін анықтап алуға болады. Кез келген аудио немесе видео арқылы келетін өтініштерге сақтықпен қарау керек. Ол танысыңыздан келгендей көрінгенімен, шын мәнінде алаяқтардың әрекеті болуы мүмкін.
Сондай-ақ мессенджерлердегі шұғыл өтініштерге бірден сене салмаңыз. Қазіргі таңда алаяқтар әлеуметтік желі мен мессенджерлердегі аккаунттарды бұзып, адамның достары мен туыстарына жалған ақпарат таратады. Күдікті сілтемелер мен белгісіз файлдарды ашудан аулақ болыңыз – ЖИ арқылы жасалған жалған банк сайттары мен фишинг ресурстары сіздің жеке деректеріңізге қол жеткізуі мүмкін.
Мұндай жағдайлардан қорғанудың тағы бір тиімді жолы – екі факторлы аутентификацияны қосу. Бұл сіздің әлеуметтік желідегі немесе мессенджердегі аккаунтыңызды бұзудан қорғауға көмектеседі. Сонымен қатар, түрлі инвестициялық ұсыныстар мен «жеңіл табыс» туралы хаттарға да сақтықпен қараған жөн. Жасанды интеллект арқылы жасалған автоматты хабарламалар сенімді көрінгенімен, олардың артында алаяқтар тұруы мүмкін.
Егер сіз ЖИ технологиясын пайдаланатын алаяқтардың құрбаны болғаныңызды байқасаңыз немесе күмәнді жағдайға тап болсаңыз, бірден 102 нөміріне хабарласу ұсынылады. Уақытылы хабар беру – өзіңізді және жақындарыңызды қауіптен қорғаудың басты кепілі.