Жамбыл облысы орталығының теміржол вокзалында көктемгі шақырылыммен әскер қатарына алынған сарбаздарды әскери оркестрдің әуенімен қарсы алу – көп жылдан бері қалыптасқан игі дәстүр. Бұл жолы да Тараз қаласына келген сарбаздарды Бауыржан Момышұлы атындағы бесінші механикаландырылған бригадада қызмет ететін офицерлер мен келісімшарт негізінде жұмыс істейтін әскери қызметшілер күтіп алды.
Әскери басшылықтың пікірінше, жастарды музыкамен қарсы алу – олардың бойында отансүйгіштік рух пен әскери қызметке деген оң көзқарас қалыптастырудың алғашқы қадамы. Бұл — әскери бөлімге аяқ басқан алғашқы сәттен бастап «Мұнда мені күтіп отыр» деген сенімді сезіну үшін маңызды психологиялық әдіс.
– Бұл дәстүр тек сыртқы салтанат емес, бұл – әскери өмірге жаңа қадам басқан сарбаздар үшін маңызды моральдық қолдау. Олар еліміздің нағыз қорғаушылары болатын үлкен ұжымның мүшесіне айналатынын сезінуі керек, – дейді бесінші механикаландырылған бригаданың командирі, полковник Жәнібек Құранбеков. – Біздің міндетіміз – жас сарбаздарға сенімді, тұрақты ортаға келгенін көрсету.
Қазіргі уақытта дәл осындай салтанатты қарсы алу рәсімдері ҚР Қорғаныс министрлігінің «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты өзге әскери бөлімдерде де өтуде. Әскери құрамдар Астана, Алматы, Қостанай, Өскемен және басқа да қалалардан келген шақырылушылармен толығуда.
Әскери қызмет — көптеген жастар үшін үлкен өмірге бастар алғашқы қадам. Олар үшін бәрі жаңалық, сондықтан аздап қобалжу да бар. Бірақ осындай жылы қарсы алу мен қолдау олардың көңіл-күйін көтеріп, болашақ әскери өмірге бейімделуін жеңілдетеді.
– Әрине, толқу бар, – дейді Астанадан келген шақырылушылар Ярослав Киряк пен Шохрух Вахидұлы. – Бірақ біз бұл қызметті абыроймен өткеруге дайынбыз. Осындай салтанатты қарсы алу көңілге қуаныш сыйлайды. Музыканың өзі рух береді.
Сарбаздарды әскер қатарына қабылдауға дейін бір айлық дайындық күтеді. Бұл уақытта олар әскери тәртіпке, жаттығулар мен сарбаз өміріне бейімделеді. Бір айдың ішінде Тараз және Меркі гарнизондарында орналасқан екі әскери бөлімде алғашқы дайындық курстарынан өтеді.
Мерзімді әскери қызметке алынған бесінші бригадада биыл 500-ден астам жас сарбаз қабылданбақ. Дайындық айы Отанға адалдық туралы ант берумен аяқталып, одан кейін сарбаздар толыққанды әскери қызметке кіріседі. Бұл – жас азаматтардың нағыз ер-азаматқа айналуына, достық пен бірлік мектебінен өтуіне жол ашатын кезең.