Жарты жылда 300 келіден астам зиянды зат тәркіленді

0 3

Абай облысында есірткіге қарсы күрес қарқын алды. 2025 жылдың алғашқы алты айында өңірде заңсыз айналымнан 303 келіден астам есірткі және психотроптық заттар тәркіленген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте облыстық Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Берікжан Абылғазинов мәлімдеді.

Оның айтуынша, жартыжылдық ішінде облыс аумағында 55 есірткі қылмысы мен 61 әкімшілік құқықбұзушылық фактісі тіркелген. Бұл істердің 44-і — есірткі мен психотроптық заттарды таратуға қатысты болса, 30-ы аса ауыр қылмыстар санатына жатады.

– Тәркіленген заттардың негізгі бөлігін марихуана, гашиш және синтетикалық есірткілер құрап отыр. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда тіркелген құқықбұзушылықтар саны үш есеге артты, – деді подполковник Б.Абылғазинов.

Маусым айында өткізілген «Қарасора–2025» жедел-алдын алу шарасы аясында 22 дерек тіркеліп, 155 келіден астам есірткі тәркіленіпті. Сонымен қатар, есірткі жеткізілуі мүмкін болған Шу, Алматы және Павлодар бағыттарындағы үш ірі арна жабылып, 19 адам қамауға алынған.

Полицейлердің мәлімдеуінше, есірткімен күрес тек құқықтық жолмен шектелмейді. Алдын алу бағытында да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Жыл басынан бері облыс аумағында 273 профилактикалық іс-шара ұйымдастырылған. Олардың қатарында оқу орындарындағы түсіндіру кездесулері, деректі фильмдер көрсетілімі, флешмобтар және жастармен өткен арнайы жиындар бар. Жоғарыда аталған іс-шаралардың барлығы «Спорт – есірткіге қарсы!» ұранымен өтті.

Сонымен қатар, облыста есірткі қылмысының алдын алу мен жою бағытында кешенді шаралар қабылданып жатыр. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі күшейтіледі.