Жақсыкелдінің кілем жуу орталығы

0 3

Мойынқұм ауданында кәсіпкерлікке ден қойғандар қатары жыл сайын артып келеді. Олардың ішінде жастардың үлесі жоғары. Олар өздерін жұмыспен қамтып қана қоймай, халық қажеттілігін де өтеп отыр. Солардың бірі ауданымыздағы Күшаман ауылында өсіп, осы жақтан буынын бекітіп, бұғанасын қатайтқан ел азаматы Жақсыкелді Ақбердиев аудан орталығы Мойынқұм ауылынан кілем жуу орталығын ашты.

Жігіт ағасы кәсіп көзін бастауда өз қаражатын пайдаланып, өз еңбегінің жемісін көруде. «Мемлекеттік бағдарламаларды пайдаланудың, несие алудың орайы келмеді», деген кәсіп иесі жұмыс орнымен де таныстырып шықты. Орталықта қажетті құрал-жабдықтардың бәрі табылады. Бастысы халықтың сұранысын өтеуге, сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік бар.

– Осы кәсіпті көптен ойға алып жүрген болатынмын. Бүгінде ауданымызда кілем жууға арналған арнайы ғимараттар жоқ. Күнделікті тұрмыста байқап жүргеніміздей, тұрғындар көлік жуатын жерлерге барып, кілемдерін жудыруға мәжбүр болып жүр. Кәсіптің бұл түрі бүгінде ауданымызда тапшылық тудыруда деп ойладым. Сондықтан, отбасыммен ақылдаса келе, Тараз, Алматы қала­ларынан тапсырыс беріп, арнайы кілем жуу құрылғыларын алдырттым. Кілемді «ротор» құрылғысы арқылы жерде жуып, одан кейін «центрифуга» сығу құрылғысымен сығылады. Сонымен қатар, оларды кептіру үшін температурасы жоғары арнайы кілем кептіру орны да дайындалды. Күніне 30 кілемге дейін жуатын боламыз. Қазірдің өзінде тұрғындар естіп-біліп, кілем жудыруға келіп жатыр. Болашақта кәсібімді кеңейтіп, тұрғындардың көңілінен шығып жат­сақ, еңбегіміздің жанғаны деп білемін, — дейді кәсіпкер.

Кәсіп иесі бір кілемді жуу үшін 15 минут уақыт қана кететінін айтады. Ал жуылған кілемдерді кептіру үшін аппаратқа салып, суын сорғытып алып, арнайы дайындалған кептіру орнына жаяды. Көктем, жаз мезгілдерінде күн көзіне жайып алады екен.

Кәсіпкер кілем жууды әуелі шаршы метрін 350 теңгеден бастапты. «Ауылдағы ағайынға айды аспаннан бір-ақ шығармайын деп осындай төмен бағамен бастадым» дейді ол. Қазір жеткізу қызметі бол­ғандықтан кілеміңізді шаршы метрін 500 теңгенің көлемінде жуып, кептіріп, қайтадан тазалап, түктерін ретке келтіріп үйіңізге жеткізіп береді екен. Қысқасы Жақсыкелдінің ұсынған қызметінен көңіліңіз қалмайды. Кәсіп иесінің қызметіне сұраныс көрші ауылдардан да түсіп жатыр.

— Қазір біз аудан аумағындағы тоғыз ауылды қамтып отырмыз. Ендігі мақсат – ауданымыздың өндірістік аумағындағы ауылдарды да қосу. Қазір менде төрт азамат жұмыс атқарады, егер шаруам алға жылжып жатса қосымша тағы да жұмысшылар аламын, — деп ағынан жарылған азаматтың еңбекқорлығына, ашық мінезі мен табандылығына тәнті болдық.

Кәсібін осылайша дөңгелетіп отырған Жақсыкелді кілем жуудан басқа жастық, көрпе, қалың киімдер, көрпе тыстары мен жамылғысын да жуатын аппарат алып, кір жуу бөлмесін де ашып қойған. Онда 25 келі кірді жуатын екі кір жуу машинасы мен кептіретін аппарат орнатқан. Ең қызығы құстың мамығынан жасалған жастықтарды жуу кезінде жастық тыстары алынып, мамығы арнайы аппаратқа салынып, зиянды және патогендік вирустар мен бактерияларды жою үшін кварц қолданады екен. Құрылғы қосылған кезде «ультракүлгін» сәуле шығарып, қысымды ауа араластырады, содан кейін артық қоқыстарын шығарып тастайды. Содан соң жуылған тыстарына қайта орналастырады.

Кейіпкеріміз Жақсыкелді Ақбердиев «Ауыл аманаты» жобасына қажетті құжаттарын дайындау үстінде екен. Жобаның тұрғындар үшін ең ұтымды тұсы – үйлерін кепілдікке қойып, 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие ала алады. Құдай сәтін салса, төмен пайыздық несиеге қолжеткізіп, кәсібінің көкжиегін кеңейткісі келеді. «Болар баланың бетін қақпай, белін буған» халықпыз ғой, ауылда отырып кәсіптің сұранысқа ие түрін қолға алған Жақсыкелдіге қолдау мен көмек болады деп сенеміз.