Жамбыл ауданында білім беру саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Әсіресе, мектеп инфрақұрылымын жаңарту, оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасау, қауіпсіз орта қалыптастыру және цифрлық ресурстарға қолжетімділікті арттыру бағыттарында ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында экономиканы жан-жақты цифрлық жаңғырту жұмыстары адам капиталын дамытуға қатысты жаңа міндеттер жүктейтінің айта келіп, бұл жерде білім беру саласы айрықша рөл атқаратынын атап көрсетті. Бұл орайда, аудандағы білім беру ұйымдарында оқушыларға сапалы білім беру үшін барлық жағдай жасалуда. Соның ішінде, интернетке қолжетімділік мәселесі басты назарда тұр. Өйткені, қазіргі заманның білім беру жүйесі ақпараттық технологияларсыз, онлайн платформалар мен цифрлық құралдарсыз толыққанды жүзеге аспайтыны белгілі. Ауданымыздағы 30 білім беру мекемесінің барлығы интернет желісіне қосылған. Әр мектепте Wi-Fi құрылғылары орнатылып, ұстаздар мен оқушыларға еркін пайдалану мүмкіндігі жасалып отыр. Шалғай ауылдардағы мектептер де назардан тыс қалған жоқ. Мәселен, №2 орта мектеп, Жамбыл орта мектебі және Матросов атындағы негізгі мектеп Starlink спутниктік интернет жүйесіне қосылды. Жаңа жүйенің арқасында ауыл оқушылары да қаладағы замандастарымен бірдей деңгейде білім ресурстарына қол жеткізіп отыр. Онлайн сабақтарға қатысу, цифрлық кітапханалар мен түрлі білім беру платформаларын пайдалану мүмкіндігі кеңейе түсті.
Ауданда бүгінгі таңда 20 лингафонды-мультимедиалық, 22 физика, 23 химия және 22 биология кабинеті толық жабдықталып, оқушылардың игілігіне берілді. 2024 жылы облыстық бюджеттен бөлінген 233 миллион теңге қаражатқа тағы да 29 жаңа үлгідегі кабинет қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Оның ішінде бес кабинет химия, алты кабинет физика, жеті кабинет биология пәндеріне арналса, бір кабинет STEM бағыты бойынша, бір кабинет робототехникаға және тоғыз кабинет технология пәніне жабдықталды.
Президент өз Жолдауында «Мектеп инфрақұрылымы қазірдің өзінде шамадан тыс жұмыс істеп, шатқаяқтап тұр. Жыл сайын 15 мектепке дейін салу қажеттігі туындап жатыр», деп тағы бір өзекті мәселеге назар аударды. Бұл орайда да ауданымызда жүйелі жұмыстар атқарылуда. Жоспарға сай жаңа мектеп салудың 7 жобасы, 7 білім беру мекемесін модернизациялау, 43 білім беру мекемелерінің инфрақұрылымын жетілдіру және заманауи цифрлық технологияларды қолдана отырып, білім беру ортасын жақсарту бойынша жобалар жүзеге асырылып жатыр. Жобаны іске асыру шамамен 10 мың оқушы үшін білім алу жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.
Жоба заманауи білім беру стандарттарына сай тоғыз негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылады. Жаңғырту жұмыстары аясында мектеп ғимараттарына күрделі жөндеу жүргізу, пәндік кабинеттермен жабдықтау, мектеп жиһаздарын жаңарту, талшықты-оптикалық байланыс желілеріне қосу, спорт залдарын, кітапханалар мен асханаларды жаңғырту, қауіпсіздік жүйелерімен жабдықтау және аумақтарды заманауи стандарттар бойынша абаттандыру көзделген. Бұл қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайтып, балалардың тұрғылықты жеріне қарамастан тең жағдайда білім алу және жан-жақты даму мүмкіндіктерін қамтамасыз етеді.
Аудан бойынша 30 мектептің жетеуі ыңғайласқан ғимаратта орналасқан болатын. Бүгінгі уақытта екі мектепте бұл мәселе жаңа құрылыс есебінен шешімін тапты. Бір мектептің құрылысы жүргізілуде, Үш мектеп 2026-2028 жылдары жаңа құрылыс есебінен шешімін табады.
Бұрнағы жылы Шоқай ауылында 150 орынды білім ошағы пайдалануға берілген болатын. Осы жылдың мамыр айында екі мектептің құрылысы қолға алынды. Атап айтсақ, Шайдана ауылындағы 150 орынды мектеп 1495 миллион теңгеге салынса, Бәйтерек ауылындағы 100 орынды мектептің құны 1216 миллион теңгеге бағаланып, құрылыс жұұмыстары толық аяқталды. Биыл Қостөбе ауылында 100 орынды мектеп құрылысы басталды, жоба құны – 1249 миллион теңге. Алдағы 2026-2028 жылдары Қызылдиханда 150, Қапалда 80, Рахатта 80 орынды мектеп құрылысын жүргізу жоспарланған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде бірыңғай заманауи мектеп инфрақұрылымына көшуге бағытталған ауқымды жаңғырту жұмыстары басталды. Аудан бойынша 18 білім беру мекемесі кешенді реновациядан өтеді.
Сапалы білім беруге жағдай жасау, материалдық-техникалық базаны нығайту бойынша жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.
Балалардың қауіпсіздігі – басты назардағы мәселе. Бүгінгі таңда барлық білім беру ұйымдары бейнебақылау жүйесімен және дабыл түймелерімен толықтай жабдықталған. 22 мектепке 220 бейнекамера, 6 балабақшаға 64 бейнекамера, 2 қосымша білім беру мекемесіне 18 бейнекамера орнатылып, барлығы 302 бейнебақылау құрылғысы орталық жүйеге интеграцияланған.
Білім саласына мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулармен қатар, жергілікті қауымдастықтың да үлесі айтарлықтай. Ата-аналар мен мектеп түлектері өздерінің туған мектептеріне қамқорлық көрсетіп келеді. Мәселен, мектепті 20, 30, 40 жыл бұрын бітірген түлектер жалпы сомасы 5 968 000 теңгеге теледидарлар, шатырлар, киіз үй жабдықтары, сағаттар мен мектеп ауласын көркейтуге арналған дүниелер сынды 30-ға жуық түрлі сыйлықтар тарту етті. Т.Рысқұлов атындағы орта мектепке – 250 мың теңгеге теледидар, Төле би атындағы мектепке – 600 мың теңгеге «Түлектер аллеясы», Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-гимназияға 800 мың теңгеге ботаникалық бақ сыйға тартылса, Мұхтар Әуезов атындағы мектепке 350 мың теңгеге су сүзгісі және 800 мың теңгеге мектепті безендіру жұмыстары жүргізілді. Бірлесу-Еңбек орта мектебінің 950 мың теңгеге ауласын көркейтіп берсе, Т.Тоқтаров атындағы мектепке 800 мың теңгеге «Ұстаздар аллеясы» тарту етілді. Осының бәрі – түлектердің туған жеріне, білім алған мектебіне деген шынайы құрметінің көрінісі. Сонымен қатар, ауыл мектептерінің әлеуетін арттыруға қосылған сүбелі үлес.
Қорыта айтқанда, Жамбыл ауданындағы білім беру ұйымдары жыл өткен сайын жаңа серпінмен дамып келеді. Заманауи кабинеттердің жабдықталуы, интернеттің қолжетімділігі, қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуі, ата-ана мен түлектердің қолдауы – мұның бәрі бір ғана мақсатқа, яғни жас ұрпақтың сапалы білім алып, жарқын болашаққа жол ашуына бағытталған.
Білімге жасалған бұл инвестиция – ел болашағына салынған берік негіз.