«Жаңа Қазақстанға» тағы бір қадам Қоғамда заң және тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдама бекітілді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында «…біздің қоғамымызда заң мен тәртіп үстемдік құруға тиіс. Бұл – бүкіл қоғамның және әр адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты ең басты талап. Біз сонда ғана Әділетті, Таза және Қауіпсіз Қазақстанды құра аламыз», дей келіп, Үкіметке қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыруды тапсырған болатын.
Президент тапсырмасын орындау аясында Үкімет тиісті қаулы қабылдап, Қоғамда заң және тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдаманы бекітті. Қоғамда құқықтық мәдениет деңгейін нығайтуға және азаматтардың заңдарды сақтау маңыздылығын түсінуіне бағытталған тұжырымдамада құқықтық тәртіпті сақтауға, сыбайлас жемқорлық пен «көлеңкелі» әрекеттерге теріс көзқарас қалыптастыруға белсенді азаматтық қатысу, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және сот төрелігіне қолжетімділікті әрі қарай да қамтамасыз етуге бағытталған іс-шараларды іске асыру көзделіп отыр. Сондай-ақ құжатта мемлекеттік және құқық қорғау органдары қызметінің ашықтығы мәдениетін қалыптастыруға, азаматтар үшін заманауи цифрлық қызметтерді іске қосуға, сатып алуларға қоғамдық мониторинг жүргізуге бағытталған сервистік моделі тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар қарастырылған. Жасанды интеллектіні пайдалана отырып, ІІМ ситуациялық-талдау орталығының камералардан түсетін бейнеағын, әлеуметтік желілер, қылмыс ошақтарын болжау; жедел қызметтерді, дәлелдемелерді автоматты түрде салыстыру, сондай-ақ тергеушілерді ЖИ құралдарымен, тергеудің жаңа тактикаларымен жұмыс істеуге оқыту сынды функцияларын кеңейту де көзделіп отыр.
Осындай кешенді шаралар қабылдау нәтижесінде қоғамда заңдылық пен құқықтық тәртіпті сақтауда оң өзгеріс қалыптасады, азаматтар заңдарға үстірт қараудан жауапты әрі саналы көзқарасқа ауысады, әрбір азамат басқа адамдардың құқықтарын құрметтеп қана қоймай, құқықтық тәртіпті белсенді түрде сақтайды, бұл жалпы тәртіптің жақсаруына әкеледі, халықтың мемлекеттік және құқық қорғау органдарына деген сенімі нығаяды, мұның бәрі құқық бұзушылықтар санының төмендеуіне, азаматтарға қызмет көрсету сапасының жақсаруына, экономикалық тартымдылық пен инвестициялық ортаның жақсаруына әкеледі деп санайды тұжырымдама авторлары.