Жаңа қаржыландыру тетігі іске қосылмақ

0 6

Жыл басынан бері Алматы облысында мал шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 90 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,3 пайызға артқан. Бұл туралы облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бас маманы Олжас Молдатаев мәлімдеді.

Бүгінгі таңда өңірде ірі қара мал саны 664,4 мың басқа, ал қой-ешкі 2,47 миллион басқа жеткен. Ауылшаруашылығы саласында 7500-ден астам шаруашылық субъектісі жұмыс істейді. Дегенмен, салада шешімін күткен түйткілдер де аз емес.

– Облыстағы бордақылау алаңдары мен ет өңдеу кәсіпорындары толық қуатында жұмыс істемей отыр. Қазіргі 56 бордақылау алаңының жалпы сыйымдылығы 49,9 мың бас болса, нақты жүктемесі небәрі 36 пайыз – яғни 18 мың бас мал бордақылануда. Бұл салада үлкен резерв бар екенін білдіреді. Алайда, негізгі кедергі – қаржыландыру көздерінің тапшылығы. Айналым қаражаты аз, ал коммерциялық несиенің пайызы жоғары. Кепіл мүлік мәселесі де шаруаларға қолбайлау болып отыр, – дейді Олжас Молдатаев.

Сондай-ақ ет өңдеу кәсіпорындары да тұрақты шикізатпен қамтамасыз етілмегендіктен, өндірістік қуаттың 30–40 пайызы ғана пайдаланылады. Мал тасымалдау шығындарының жоғары болуы мен логистикалық инфрақұрылымның әлсіздігі де салаға кері әсер етуде.

Аталған проблемаларды шешу үшін Ауылшаруашылығы министрлігі жылдық 5 пайыз мөлшерлемемен жеңілдетілген несие бағдарламасын іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл несие бордақылау алаңдары мен ет өңдеу кәсіпорындарын дамытуға бағытталады.

Жаңа қаржыландыру тетігі іске қосылса, қосымша 12 мың басқа дейін мал бордақылауға мүмкіндік туады. Ал, бұл облыс бойынша сиыр және қой еті өндірісін 4500 тоннаға дейін арттыруға жол ашады.