Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков Әбубек пен Оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті Жамбыл облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Мұхит Нысанбаев Аманқұл Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңындағы брифингте тілшілер қауымына жаңа оқу жылына дайындық барысы, өңірдегі білім беру саласының негізгі көрсеткіштері мен жаңашыл бағыттары туралы кең көлемде баяндап берді.
Спикерлердің мәлімдеуінше, бүгінде облыста 338 мыңнан аса бала мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік біліммен қамтылған. Оларға 40 мыңға жуық педагог білім мен тәрбие беруде. Бұл салаға бөлінген қаржы көлемі биыл 344,3 миллиард теңгеге жетіп, былтырмен салыстырғанда 9 пайызға артқан.
Білім беру сатысының алғашқы баспалдағы саналатын мектепке дейінгі ұйымдарда 63 мыңнан аса бала тәрбиеленіп жатыр. 2024 жылдың шілдесінен бастап облыста дербестендірілген (ваучерлік) қаржыландыру жүйесі енгізілген. Нәтижесінде 3,5 миллиард теңге үнемделіп, кезек күткен балалар саны екі есеге азайған. Бүгінде 3-6 жас аралығындағы балалар мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамтылып отыр.
Орта білім саласында да оң серпін байқалады. Өткен оқу жылын 523 мектеп бойынша 247 мыңнан аса оқушы аяқтады. Үш ауысымды, апатты және орын тапшылығы бар мектептер мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде. Биыл өңірде 26 білім нысанының құрылысы жоспарланған болса, соның 10-ы – жаңа мектеп. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Қордай мен Таразда тағы үш жаңа мектеп пайдалануға берілмек.
Оқушыларды оқулықпен қамтамасыз ету мәселесі де толық шешімін тапқан. Жаңа оқу жылында толық қамту үшін 2,6 миллиард теңге қарастырылған. Сонымен қатар, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға «Жалпыға бірдей білім беру» қорынан 6,4 миллиард теңге бөлініп, киім-кешек пен ыстық тамақпен қамту, жазғы сауықтыру лагерьлеріне жолдама беру жұмыстары атқарылуда. Қаражат ата-аналардың банк шоттарына тікелей аударылып отыр.
Жиында педагог кадрлардың біліктілігіне де ерекше назар аударылды. Өткен оқу жылында 6418 педагог қайта даярлық курстарынан өткен. Сонымен қатар, «Ұлағат» педагогтер ассоциациясы құрылып, виртуалды әдістемелік мектептер, пәндік шеберханалар сынды заманауи жобалар іске асырылып жатыр. Жас мамандарды қолдау бағытында «Болашақ» тәлімгерлік мектебі жұмыс істейді.
Цифрландыру мен заманауи технологиялар да назардан тыс қалмады. Өңір мектептерінің барлығы интернетпен қамтылып, жылдамдық 100 пайызға жеткізілген. «Старлинк» жобасы аясында 72 мектепте жылдамдық 150 мегабит/секундқа дейін жетіп отыр. Сонымен қатар, 182 мектепте оқушылардың қозғалысын, асханалардағы тамақтануды және кітапханалық қорды электронды түрде қадағалайтын аппараттық-бағдарламалық кешендер енгізілуде.
Қосымша білім беру мен тәрбие саласы да назардан тыс қалмаған. Қазір облыста 79 мектептен тыс ұйым жұмыс істейді. «Адал азамат» тәрбие бағдарламасы негізінде тәрбие жұмыстары жүргізіліп, буллинг пен құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында «KiVa», «ДосболLIKE», «Komek Stop Bullying» сынды жобалар іске қосылған. Әр мектепте сенім телефондары мен QR-кодтар орнатылған. «Облыстық психологиялық қолдау орталығы» арқылы 1400-ге жуық адамға көмек көрсетілген.
Жастарды кәсіптік біліммен қамту – тағы бір маңызды басымдық. Өткен жылы облыстағы 42 колледжде 28 мыңнан аса студент білім алды. Биылғы жылы 66 мамандық бойынша 6720 орын бөлінсе, оның ішінде 570 орын нақты кәсіпорындармен келісім аясында іске асырылуда. Облыста алғаш рет Қытайдың «XIAN TECHNOLOGY» техникалық колледжінің филиалы ашылмақ. Ал, кей колледждер Ресей, Алматы және Астана университеттерімен интеграцияланған бағдарламалар бойынша студенттерді даярлайтын болады. Мұндай жүйе түлектердің екі жылда диплом алуына мүмкіндік береді.
Спикерлер жаңа оқу жылында сапалы білім беруді қамтамасыз ету, педагог мәртебесін көтеру, оқушы қауіпсіздігін сақтау мен инфрақұрылымды жаңғырту басты назарда болатынын атап өтті.
БАҚ өкілдері баспасөз мәслихатында спикерлерге бірқатар маңызды сұрақ қойып, білім саласындағы нақты түйткілдер мен шешу жолдарына қатысты тұщымды жауап алды.