Тараз қаласындағы №66 орта мектепте 1 қыркүйек – Білім күніне арналған салтанатты іс-шара ерекше көңіл-күймен өтті. Мерекелік кешке облыс әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қатысып, ұстаздар мен оқушыларды, ата-аналар мен сала ардагерлерін жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
Мерекелік жиында алғашқы қоңырау сыңғырлап, өнерлі оқушылардың ән-шашуы мен сахналық қойылымдары көпшілікке шат-шадыман көңіл сыйлады.
– Ұлы Абай «Ғылым таппай мақтанба» деп, адамзаттың кемелдікке бастайтын жолын білім мен ақыл-парасат арқылы көрсетсе, Ахмет Байтұрсынұлы «Мектеп – баланың келешегіне ашылған алтын қақпа» деген. Сондықтан жас ұрпақты сапалы білім мен саналы тәрбиеге баулу – баршамыздың ортақ парызымыз, – деді Ербол Қарашөкеев құттықтау сөзінде.
Сондай-ақ аймақ басшысы ұстаздықтың қоғамдағы орнына да ерекше тоқталды. Мемлекет басшысының ұстаздарға деген сенімі мен құрметін жеткізе келе, бұл мамандықтың киелі де жауапты жол екенін атап өтті.
– Әлемде сан түрлі мамандық бар. Бірақ, ұстаздық – жүрек жылуын төгіп, рухани биікке жетелейтін қасиетті қызмет. Осынау мамандыққа адалдық танытып жүрген барша мұғалімдерге шын жүректен алғысымды білдіремін, – деген Ербол Шырақбайұлы мемлекет тарапынан білім саласына көрсетіліп жатқан қолдаулар мен инфрақұрылымдық жаңартуларға да тоқталды. Қазіргі таңда облыс көлемінде 26 білім беру нысанының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жыл соңына дейін 10 жаңа мектеп пен 5 мектептің жапсарлас ғимараты пайдалануға берілмек. Қалған 11 нысан 2026 жылға дейін толық аяқталады.
Президент тапсырмасына сәйкес, Жамбыл облысында 66 мектепті жаңғырту міндеті тұр. Оның ішінде биылдың өзінде 10 мектепте ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
– Үш ауысымды, апатты мектептер мен оқушы орны тапшылығы – жүйелі шешімді талап ететін өзекті мәселе. Біз бұл бағытта кезең-кезеңімен нақты жұмыстар жүргізіп келеміз, – деді аймақ басшысы.
Салтанатты іс-шара аясында облыс әкімі “Келешек мектептері” ұлттық жобасы аясында салынған жаңа білім ордасын аралап көріп, сыныптарды, оқу жабдықтарын, заманауи зертханаларды бақылап шықты. Бірінші сынып оқушыларымен жүздесіп, мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндерге ақ жол тіледі.
– Балалар – біздің болашағымыз. Сондықтан олардың сапалы білім алуы мен жан-жақты дамуына барынша жағдай жасау – басты міндетіміз. Баршаңызға жаңа оқу жылында табыс, шабыт және биік белестер тілеймін! – деді Ербол Қарашөкеев.
Жаңа оқу жылы – жаңа мүмкіндіктер мен жаңаша серпін кезеңі. Жамбыл облысында білім саласына деген мемлекеттік қолдау жыл сайын артып келеді. Бұл өз кезегінде жас ұрпақтың сапалы білім алуына және кемел келешекке қадам басуына берік негіз болмақ.