Жамбылдықтарға Жаңа Конституцияның негізгі нормаларын түсіндірді

0 3

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық Коалициясы Жамбыл облысына келді. Өңірде Коалиция мүшелері жұртшылықпен, жастармен, еңбек ұжымдарымен және шағын бизнес өкілдерімен әңгімелесті. Кездесуге қатысушылар жаңа Конституция мемлекеттің ұзақ мерзімге негізделген ұлттық мүддесіне толық сай келетінін және оның дамуына қуатты серпін беретінін атап өтті. 

«Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінде өткен жұртшылықпен кездесуге облыстың шамамен 500 тұрғыны – зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, медицина қызметкерлері, педагогтар және өзге де азаматтар қатысты.

Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент қызметіне кіріскен сәтінен бастап жаңа Конституцияның негізі қалана бастағанын, ал құжаттың өзі ауқымды қоғамдық диалогтың нәтижесі екенін және азаматтардың әділдікке, заң үстемдігіне, сенімді болашаққа деген сұранысын айқын көрсететінін атап өтті.

«Референдум ұлтымыздың бірлігін, тұтастығын айшықтайды. Бұл Президенттің халқына арқа сүйейтінін, ал халық Президентке сенетінін көрсетеді. Ел дамуында референдум шешуші рөл атқарған мұндай мысалдар әлемде де жеткілікті. Мәселен, XIX ғасырдағы Швейцариядағы Конституция жөніндегі референдум, Франциядағы Бесінші республика құру бойынша өткен референдум дүние жүзі тарихында қалды. Алдағы біздің референдум да ел тарихында алтын әріппен жазылатын тарихи оқиғаға айналады деп санаймын. Сондықтан таңдау да, соңғы шешім де өздеріңізде», – деді ол.

Мәжіліс спикері облыс тұрғындарының белсенді азаматтық ұстанымын, Мемлекет басшысының реформалары мен саясатына жүйелі түрде қолдау көрсетіп келе жатқанын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Конституция жобасынан әрбір азамат өзін толғандырған сұрақтарға жауап таба алады. Оның негізінде «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген қағидат берік орнықты.

Кездесуге қатысушылар жобада әрбір қазақстандық азаматқа жақын Әділетті Қазақстан, Заң мен Тәртіп, Адал азамат, Таза Қазақстан сынды қастерлі құндылықтар бекітілгеніне назар аударды. Ал Президенттің іс жүзінде жүзеге асырылып жатқан «халықпен бірге» қағидаты ел азаматтарының мемлекет болашағын айқындау ісіндегі өз рөлін терең сезінуіне мүмкіндік берді.

Кездесу барысында Коалиция мүшелері жобадағы негізгі новеллалар туралы баяндады. Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ адам құқығына кепілдік беру аясы кеңейгеніне және азаматтардың әлеуметтік тұрғыда қорғалуына назар аударды. «Ақ жол» Қазақстан Демократиялық партиясының Төрағасы Азат Перуашев кәсіпкерлік пен экономиканы дамыту үшін түсінікті әрі тұрақты ережелерді бекітудің маңызын атап өтті. Тарихшы әрі археолог Сауран Қалиев преамбулада Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығы көрініс табуы мемлекеттің бірегейлігін айқындап, даму бағдарын белгілейтінін жеткізді. «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали дәстүрлі отбасылық құндылықтарды нығайтудың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, құжатта отбасы институтының мәні мен маңызы, аға буынға құрмет, балаларға қамқорлық және тәрбие беру ісіндегі сабақтастық бекітілді. Бұл – қоғамның тұрақтылығы мен бірлігінің берік негізі.

Сондай-ақ Коалиция мүшелері Тараз қаласында студент жастармен, «Қазфосфат» ЖШС-ның өндіріс алаңында кәсіпорынның еңбек ұжымымен, Аса ауылында «Қарызсыз қоғам» жобасына қатысушылармен – шағын және микробизнес өкілдерімен, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтармен және ауыл тұрғындарымен, Super-pharm фармацевтикалық зауытының ұжымымен кездесті. Кездесулер қорытындысы бойынша Жамбыл облысының тұрғындары жаңа Негізгі заң жобасын қолдайтындарын білдіріп, оның қоғамды біріктіру және мемлекетті ұзақ мерзімді дамыту ісіндегі маңызын атап өтті. Барша қатысушы 15 наурызда референдумға келіп, жаңа Конституцияға дауыс беруге және Қуатты, Әділетті әрі Прогрессивті Қазақстан құру ісіне өз үлестерін қосуға дайын екендерін жеткізді.

Еске сала кетейік, «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық Коалициясы биыл 13 ақпанда құрылды. Оның құрамына 5 саяси партия мен шамамен 300 қоғамдық ұйым кірді. Олар 5 миллионға жуық қазақстандық азаматты біріктіруде.