Жамбылдық полицейлерге қызметтік автокөліктер мен марапаттар табысталды

0 2

Қазақстан полициясы күніне орай Жамбыл облыстық Полиция департаментінің ұйымдастыруымен «Баласагұн» орталық концерт залында салтанатты іс-шара өтті. Салтанатқа Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев, құқық қорғау органдарының өкілдері, ішкі істер органдарының ардагерлері, қоғам қайраткерлері және қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлерінің туыстары қатысты.

Өзінің құттықтау сөзінде облыс әкімі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтарын қорғау және заңдылықты сақтау жолындағы полиция қызметкерлерінің жанқиярлық еңбегі үшін алғысын білдірді. Полицейлерге жаңа қызметтік автокөліктердің кілтін табыстады. Үздік қызметкерлер үлгілі қызметі мен кәсіби жетістіктері үшін Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Ал, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров Полиция департаментінің тергеу-оперативтік бөлімшелерінің үздік қызметкерлерін марапаттады.

Сондай-ақ іс-шара барысында Ішкі істер министрінің бұйрығымен 35 полиция қызметкері ведомстволық марапаттарға ие болды, ал Жамбыл облыстық ПД бастығының бұйрығымен 500-ден астам қызметкер марапатталды. Оларға шендер, медальдар, төсбелгілер, грамоталар мен Алғысхаттар табысталды.

– Полицей болу – нағыз мамандық әрі өмірлік ұстаным. Сіздер қиын сәтте көмекке алғашқылардың бірі болып келесіздер, заң мен тәртіпті күзетіп, адамдардың тыныштығы мен өмірін қорғайсыздар. Бұл қызмет беріктік пен сабырлықты, тәртіп пен үлкен ішкі күшті талап етеді, – деді облыс Полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаев құттықтау сөзінде.

Іс-шараның ерекше сәті қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан қызметкерлердің аналары мен жұбайларын құрметтеу болды. Оларға батыр полицейлердің ерлігі үшін алғыс ретінде бағалы сыйлықтар табысталды.

– Біз қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан әріптестеріміздің алдында бас иеміз. Олардың ерлігі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады. Біз әрқашан олардың отбасыларының жанында боламыз. Олар – құқық тәртібінің қорғаушылары болған ерлердің өмірлік серіктері мен туғандары, – деді Бақытжан Әсембекұлы.

Мереке қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен үлкен концертпен аяқталды. Концертте патриоттық және жүрекке жылы әндер шырқалды.

Бұл іс-шара полиция қызметінің маңыздылығын мойындаудың, олардың күнделікті еңбегіне деген құрметтің және ел тыныштығы үшін өмірін қиғандарға деген тағзымның символына айналды.