Жамбыл облысы прокуратурасы балалардың құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін қорғау аясында маңызды мәселеге назар аударып, нақты нәтижеге қол жеткізді. Облыста оқушылардың қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүру құқығы толықтай қалпына келтірілді
Тексеру барысында облыс аумағындағы қоғамдық көліктерде электронды төлем жасау кезінде мектеп оқушыларына заңмен бекітілген жеңілдіктің сақталмай келе жатқаны анықталды. Атап айтқанда, банк карталары немесе мобильді қосымшалар арқылы төлем жасаған жағдайда оқушылардан толық жол ақысы — 100 теңге алынған. Бұл — ересек жолаушыларға арналған тариф. Алайда, қолданыстағы заңнама бойынша мектеп оқушылары (1-11 сынып) үшін жол ақысы небәрі 50 теңге болуы тиіс.
Осы олқылықтың салдарынан облыс оқушыларына арналған мемлекеттік жеңілдік іс жүзінде қолданылмай келген. Бұл жағдай прокуратураның араласуымен шешімін тапты. Құқық қорғау органының бастамасымен және тиісті органдармен бірлескен жұмыстың нәтижесінде оқушылар үшін арнайы «виртуалды мектеп тарифі» енгізілді.
Жаңа төлем жүйесі 230 мыңнан астам оқушыны қамтып отыр. Енді балалар QR-код арқылы төлем жасау кезінде жеңілдетілген тарифпен — 50 теңгемен жол ақысын төлей алады. Бұл бастама балалардың мүддесін қорғап қана қоймай, әлеуметтік әділеттілікті де қалпына келтірді.
Жамбыл облысының прокуратурасы алдағы уақытта да балалардың құқықтарын қорғауға және әлеуметтік қолдау шараларының орындалуын қадағалауға басымдық беретінін мәлімдеді.