Жамбылдық дәрігерлер бірегей ота жасады

0 3

Облыстық көпбейінді ауруханада алғаш рет миға жоғары дәлдікпен нейрохирургиялық операция жасалды. Дәрігерлер сол жақ маңдайшекелік аймақта орналасқан «менингиома» ісігін микрохирургиялық әдіспен толық алып тастап, науқастың өмірін сақтап қалды.

1959 жылы туған әйел адам ауруханаға бас ауруымен және тырысу белгілерімен жеткізілген. Шұғыл түрде жасалған МРТ зерттеуінде оның миынан ісік анықталып, дереу ота жасау қажет екені белгілі болды. Пациент батыл шешім қабылдап, отаны облыстық ауруханада жасатуға келісті.

Бұл – өңір тарихындағы алғашқы нейрохирургиялық ота, әрі ол толық сәтті өтті.

Операцияны медицина ғылымдарының кандидаты, хирургия және инновациялар жөніндегі бас дәрігердің орынбасары Асқар Садықов, нейрохирург Инаятддин Муединов, анестезиолог, мейірбике және реабилитация тобы бірігіп, жасады.

Бір күннен соң науқас жансақтау бөлімінен жалпы палатаға ауыстырылып, бесінші күні өздігінен қозғала алатын халге жетті. Ал, оныншы күні толық жазылып, үйіне шығарылды.

– Бұл оқиға – Жамбыл медицинасындағы жаңа кезеңнің бастауы. Біз осы ота арқылы аймағымызда жоғары технологиялық операцияларды сәтті орындауға болатынын дәлелдедік. Біз үшін ең бастысы – науқастың амандығы, – дейді Асқар Садықов.