Жамбылда жұмысшы кадрларын даярлау жаңа деңгейге көтерілмек

0 1

Жамбыл облысында «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында кадр даярлау ісі жаңа серпін алуда. Өңір әкімі Ербол Қарашөкеевтің бастамасымен Тараз қаласындағы Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде өткен кеңесте инвестициялық жобаларға қажетті мамандарды даярлау, көші-қон заңнамасын сақтау, техникалық және кәсіптік білім беру сапасын арттыру мәселелері жан-жақты талқыланды.

Облыс әкімі алдымен студенттердің тәжірибелік жобаларынан құралған көрмені аралап, жастардың еңбегіне оң баға берді. Кеңес барысында білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков биыл аймақтағы 42 колледжді 7020 студент тәмамдайтынын жеткізді. Олардың 3880-і мемлекеттік тапсырыс негізінде білім алған.

– Біз инвестициялық жобаларды іске асыру үшін білікті кадр даярлауды бүгіннен бастауымыз керек. Бұл тұрғыда колледждердің әлеуеті жоғары. Сондықтан, өндіріс пен білім беру саласы арасында нақты әрі нәтижелі байланыс орнауы тиіс, – деді Ербол Қарашөкеев.

Бүгінде Шу және Қордай аудандарында шетелдік колледж филиалдарын ашу мәселесі қарастырылып жатыр. Сондай-ақ «Qazaq Soda» және «ЕвроХим-Қаратау» секілді ірі кәсіпорындар Сарысу мен Жаңатастағы колледж түлектерін жұмысқа қабылдауға ниетті.

Өңірдегі тау-кен өнеркәсібі де білім беру саласымен әріптестікті кеңейтіп келеді. Мәселен, «Қазфосфат» ЖШС-ның «Шолақтау» кешені Талас ауданындағы колледж базасында құзыреттілік орталығын ашты. Бұл орталық енді «Talas Investment Company» және «Жамбыл-Недр» компаниялары үшін де маман даярлауға мүмкіндік береді.

Кеңесте «Knauf» компаниясының да аймақтағы белсенділігі атап өтілді. Алдағы уақытта бұл кәсіпорын Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде тәжірибелік алаң мен құзыреттілік орталығын ашпақ.

Бүгінде облыста іске асырылып жатқан 62 инвестициялық жоба аясында 2029 жылға дейін 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Сол себепті, білім беру бағдарламаларын жетілдіру мен колледждердің материалдық-техникалық базасын жаңарту – басты басымдық.

Кеңеске қатысқан құқық қорғау және салалық басқарма басшылары өз салалары бойынша баяндама жасап, жұмыссыз азаматтарды еңбекпен қамту, көші-қон заңнамасының сақталуын бақылау бойынша нақты міндеттерді айқындады.

Бизнес қауымдастық та өңір әкімдігімен бірлесе жұмыс істеуге әзір екенін білдірді. «Кнауф гипс» ЖШС, «Qazaq Soda», «НДФЗ» және «QyzylshaZher» компанияларының өкілдері өндіріс орындарындағы маман тапшылығын толтыруда жергілікті кадрларға басымдық беруге мүдделі екенін жеткізді.

Жиын соңында Ербол Қарашөкеев:

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз инвесторларға қолайлы жағдай жасауға дайынбыз. Алайда, бұл ретте заң талаптары мен еңбек нормалары қатаң сақталуы тиіс, – дей келе, кадр саясаты мен еңбек нарығы талаптарын ұштастыру бағытында бірлескен жоспар құруды тапсырды.

Жамбыл өңірі жұмысшы мамандықтар дайындау ісінде республикаға үлгі боларлық жобаларды қолға алуда. Бұл – өнеркәсіп пен білімнің үйлесімді әріптестігі нәтижесінде ғана жүзеге асатын ұзақмерзімді мақсат.