Жамбыл облысында кәсіпкерлік пен ғылымның тығыз ықпалдастығы негізінде жаңа өңірлік экожүйе құрылуда. Бұл серпінді бастаманың өзегі – М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті мен Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасы бірлесіп, жүзеге асырып жатқан «Бір ауыл – бір өнім» жобасы.
«Бір ауыл – бір өнім» – 2021–2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның бір бөлігі. Оның басты мақсаты – ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік әлеуетін ашу, сапалы әрі бірегей өнімдерді жасауға тарту, нарықта сұранысқа ие брендтер қалыптастыру.
Жоба жыл сайын өткізілетін өңірлік жәрмеңке-көрмелермен, практикалық оқулармен және серіктестік бағдарламалармен жалғасып келеді. 2024 жылғы көрмеге 100-ге жуық кәсіпкер қатысып, киіз, былғары бұйымдардан бастап, экологиялық таза тағамдар мен биотыңайтқыштарға дейінгі өз өнімдерін көпшілікке ұсынды.
Алайда, көрме тағы бір маңызды мәселені анық көрсетті: көптеген кәсіпкерлер сапалы өнім шығарғанымен, оларды нарыққа кеңінен шығару үшін заманауи сертификаттар мен ғылыми дәлелдер жетіспейді. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында университет пен кәсіпкерлер палатасы күш біріктірді.
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті – еліміздің жетекші өңірлік ғылыми орталықтарының бірі. Мұнда бір ғылыми-зерттеу институты, сегіз орталық, жеті зертхана жұмыс істейді. Университетте 4,9 миллиард теңгеден астам сомаға 60-тан аса ғылыми жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде халықаралық гранттар, іргелі және қолданбалы зерттеулер, коммерцияландыру бағытындағы жобалар да бар.
Ғылым және цифрландыру жөніндегі проректор Сейтжан Орынбаевтың айтуынша, университет ғылыми зерттеулердің нақты өндіріске енуіне баса мән береді.
«Біз әр ғылыми жобамызға бизнес-серіктес тартамыз. Бұл жобаның жай ғана есеп үшін емес, нақты нәтиже үшін жасалып жатқанын білдіреді. Ғылым өндіріске қызмет етуі керек», дейді ол.
Былтыр 16–27 маусым аралығында 28 ауыл кәсіпкері Дулати университетінің базасында арнайы оқудан өтті. Үш салаға бейімделген бағдарламалар әзірленді. Жеңіл өнеркәсіп бойынша «Тоқыма және аяқ киім: бірегей бұйымдар жасау өнері»; Азық-түлік өндіру бойынша «Заманауи тәсілдер: ғылымнан тәжірибеге»; Агросектор бойынша «Биокөмір өндіру және органикалық өнім өндірісіндегі озық технологиялар».
Бағдарламаның басты ерекшелігі – теория мен тәжірибенің үйлесімі. Кәсіпкерлер университет зертханаларында өз өнімдерінің құрамын, қауіпсіздік көрсеткіштерін, тағамдық құндылығын, материалдардың беріктігін немесе тыңайтқыштардың тиімділігін ғылыми түрде тексеріп, зертханалық сертификат алды.
Меркі ауданының кәсіпкері Айткүл Мусилимова – осы бағдарламаның табысты қатысушысы. Ол саңырауқұлақ өсірумен айналыса жүріп, өнімділік пен топырақ сапасын арттыру жолдарын іздестіріп келген. Биокөмірді қолдану жөніндегі курс оған тек теориялық білім беріп қана қоймай, зертханада өзінің топырағына сай нақты шешім ұсынды. Кәсіпкер келісімшарт жасап, өз шаруашылығында осы технологияны қолдануға дайындалып отыр. Бұл оның бизнесін жаңа сатыға көтерудің – органикалық өнім стандарттарына сәйкес, жоғары қосылған құнды өнімге көшірудің алғашқы қадамы.
Оқу нәтижесінде әрбір қатысушы екі құжат алды: курсты аяқтағаны туралы сертификат және өнімнің ғылыми зертханалық талдау нәтижесі. Бұл құжаттар банктермен, инвесторлармен, грант берушілермен жұмыс істеуде шешуші рөл атқарады. Олар енді Дулати университетінің 350 миллион теңгеге дейінгі гранттық қаржыландыруына өтінім беру мүмкіндігіне ие. Бірқатары бірлескен стартаптар құруды жоспарлап отыр.
Биыл 25 шілдеде Тараз қаласында «БАБӨ» жобасының қатысушылары үшін жыл сайынғы өңірлік көрме өтеді. 80-нен астам кәсіпкер өз өнімдерін ұсынатын бұл көрме жаңа байланыстар орнатуға, ірі сауда желілерімен жұмыс істеуге және инвестор тартуға жол ашады.
Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Айдар Абдықадыров бұл серіктестікті стратегиялық қадам деп бағалайды. «Біз әрбір ауыл кәсіпкерінің кәсібін нақты өндіріс деңгейіне шығару үшін жұмыс істейміз. Тараз университетімен әріптестік – осы жолдағы үлкен серпіліс», дейді ол.
Ғылым, білім және бизнес арасындағы байланыс – өңірлік дамудың жаңа драйверіне айналып отыр. Бұл жоба тек оқыту шарасы емес, аймақтағы жаңа кәсіпкерлік-ғылыми экожүйенің іргетасы. Ол – Қазақстанның басқа өңірлеріне үлгі боларлықтай серіктестік моделі.