Жамбыл облысында өндірістік сала үшін маңызды ірі жобаның құрылысы басталды. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Шу ауданындағы «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағында натрий цианидін өндіретін жаңа зауыттың негізін қалау рәсіміне қатысып, жобаның өңір дамуына қосатын үлесі жөнінде айтты.
Аймақ басшысы өз сөзінде Жамбыл облысының химия өнеркәсібі еліміздегі жетекші күшке айналғанын атап өтті. Бүгінде республика бойынша фосфор, аммофос және натрий цианидінің толық көлемі осы өңірде өндіріледі.
– Президент еліміздің экономикалық келешегі инвестицияға, жаңа технологияларға және ғылыми негізделген өндірістерге тәуелді екенін үнемі атап өтеді. Сондықтан Жамбыл облысы алдағы жылдары да инновациялық жобаларды іске асыруға басымдық береді. Бұл зауыт өңір экономикасын күшейтіп, өнеркәсіптік әлеуетімізді жаңа деңгейге шығарады, – деді Ербол Қарашөкеев.
Жобаны «Altynalmas Reagents» ЖШС жүзеге асырып жатыр. Құны 68 миллиард теңгені құрайтын кәсіпорын жылына 25 мың тонна натрий цианидін өндіруге мүмкіндік береді. Бұл өнім алтын өндіру саласы үшін стратегиялық маңызға ие, ал жаңа өндіріс ішкі сұранысты толық жауып, импортты алмастырады. Сондай-ақ Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Моңғолия нарықтарына экспортталмақ.
Компания бас директоры Уәлихан Атагелдиевтің айтуынша, зауыт іске қосылғаннан кейін шамамен 250 тұрақты жұмыс орны ашылады. Мамандардың 96 пайызы – жергілікті азаматтар.
– Бұл – заманауи химиялық өндіріс. Сондықтан қызметкерлерді оқыту, үздіксіз біліктілікті арттыру және халықаралық стандарттарға сәйкес, жұмыс істеу басты міндет болады, – деді ол.
Жобаның пайдалануға берілуі 2027 жылдың төртінші тоқсанына жоспарланған.
Соңғы жылдары Жамбыл облысы инвестициялық ахуал бойынша елде алдыңғы қатарға шығып келеді. 2025 жылдың қаңтар-қазан айларында өңірге 553,6 миллиард теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың көрсеткішінен 38,3 пайызға артық. Соның нәтижесінде облыс республикада инвестиция тарту бойынша үздік үштікке енді.
Биылдың өзінде құны 21 миллиард теңгеге тең 10 жоба іске асырылып, 282 жаңа жұмыс орны ашылды. Жалпы облыстың 2028 жылға дейінгі инвестициялық портфелінде 3,5 триллион теңге соманы құрайтын 62 жоба бар. Олар 6,4 мыңнан астам жұмыс орнын құруды көздейді. Оның ішінде 12 жоба шетелдік инвесторлардың қатысуымен жүзеге асырылып жатыр.
Жаңа зауыттың құрылысы – Жамбыл облысының өнеркәсіптік әлеуетін нығайтып, өңірдің инвестициялық тартымдылығын одан әрі арттыратын ірі қадам.