Жамбыл облысында қоғамдық қауіпсіздік пен заң үстемдігін қамтамасыз ету бағытында түбегейлі өзгерістер кезеңі басталды. Облыс прокуратурасы үйлестірген Үйлестіру кеңесінің отырысында құқықбұзушылықтың алдын алу шараларының тиімділігіне терең талдау жасалып, бірқатар маңызды шешімдер қабылданды. Бұл бастамалар азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, құқық қорғау органдарының жұмысын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.
Соңғы мәліметтер бойынша, облыста тіркелген жалпы қылмыстар саны 21 пайызға өсіп, 1150-ден 1392-ге жеткен. Бұл көрсеткіштің артқанына қарамастан, мамандар бұл жағдайды теріс үрдіс ретінде емес, керісінше, жасырын қылмыстарды әшкерелеу жұмыстарының жандануы деп түсіндіреді. Себебі, құқық қорғау органдары қылмысты жасыру емес, оны ашық түрде тіркеп, нақты шаралар қолдануға көшкен. Қылмыстың бұл өсуін интернет-алаяқтықтың көбеюі күрт үдеткен. Бұл саладағы заңсыз әрекеттердің белсенді анықталуы – жүйелі жұмыстардың нәтижесі.
«Cyberpol» мекемеаралық тобы интернет арқылы жасалатын қылмыстармен күресте айтарлықтай жетістікке жетті. Жүргізілген жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде бірнеше жыл бойы интернет арқылы 150-ден астам жәбірленушіні алдаған 8 қылмыскер қолға түсті. Олар 110 эпизод бойынша жауапқа тартылды. Ұялы байланыс операторларымен әріптестік аясында интернет алаяқтарға шалғайдан әрекет етуге мүмкіндік берген екі «SIM-бокс» құрылғысы анықталды. Бұл құрылғылардың көмегімен шетелдік нөмірлер арқылы азаматтарға хабарласып, қаржы алдап алу жиі орын алып келген.
Цифрлық қауіпсіздік бағытында қолға алынған «CyberShekteuTaraz» телеграм-боты 350-ге жуық күмәнді сілтемені автоматты түрде анықтап, алаяқтықтың алдын алуға мүмкіндік берді. Бұл – заманауи ақпараттық жүйелер мен цифрлық сараптама механизмдерінің нақты жемісі. Осы жұмыстардың нәтижесінде банктермен келісім арқылы 114 жәбірленушінің 137 миллион теңге қарызы тоқтатылып, заңсыз алынған қаржылардың бір бөлігі дропперлерден өндіріліп алынды. Сонымен қатар, Ұлттық банктің «Antifrod-Center»-мен өзара іс-қимылы нәтижесінде жалпы сомасы 31 миллион теңгені құрайтын 56 есепшот бұғатталды. Бұл – азаматтардың қаражатын сақтау бағытындағы нақты әрі тиімді қадам.
Прокуратура тарапынан қаржы ұйымдарына қойылатын талаптар да күшейтілді. Несие рәсімдеу кезінде банк және микроқаржы ұйымдарының қызметкерлері тарапынан салғырттыққа жол берілген бірнеше жағдай бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Бұл – тек алаяқтықпен емес, сонымен қатар, жүйе ішіндегі немқұрайдылықпен де күрестің жаңа кезеңі басталғанын білдіреді.
Отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстар да назардан тыс қалмады. Соңғы заңнамалық өзгерістерге сәйкес, бұған дейін әкімшілік деңгейде қаралатын кейбір құқық бұзушылықтар енді қылмыстық жауапкершілікке жатқызылып отыр. Бұл өз кезегінде осы санаттағы қылмыстардың статистикалық өсіміне әсер етті. 2024 жылы мұндай деректер саны 7-ден 67-ге дейін өсіп, 9 есеге артты. Бұл – жаңа заң нормаларының күшіне енуімен және азаматтардың құқықтық сауаттылығының артуымен байланысты.
Алайда, қоғамдық тәртіпке қатер төндіретін басқа да факторлар бар. Мәселен, масаң күйде жасалатын қылмыстар саны 62,8 пайызға – 86-дан 140-қа дейін өскен. Қоғамдық орындардағы бұзақылық пен жеке тұлғаларға қарсы әрекеттердің көпшілігі ішімдік ішу салдарынан туындайтыны айқындалды. Бұл мәселенің алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстар күшейтіліп, формалды шаралардан нақты нәтижеге бағытталған саясатқа көшу қолға алынды.
Тараз қаласы және Талас, Шу, Меркі, Сарысу аудандарындағы 17 аумақ құқық бұзушылық жиі тіркелетін қауіпті аймақ ретінде белгіленіп, ерекше бақылауға алынды. Бұл аудандарда құқықтық тәртіпті сақтау үшін патрульдік маршруттар мен рейдтік шаралар қайта қаралып, нақты тәжірибелік қадамдар қолға алынды. Әрбір аумақтағы жағдай күнделікті мониторинг арқылы бақылауда болады.
Қоғамдық қауіпсіздікті арттыру мақсатында облыстық прокуратура мен жергілікті билік өкілдері «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен және супермаркеттер желілерімен бірлесіп, түнгі уақытта алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салу туралы меморандумға қол қойды. Қоғам белсенділері мен ауыл ақсақалдарының бастамасымен облыстың 32 ауылында алкоголь өнімдерін сатудан ерікті түрде бас тарту жүзеге асты. Бұл — азаматтық қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы тиімді әріптестіктің жарқын үлгісі.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев пен облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіровтың пайымынша, қабылданған кешенді шаралар заң үстемдігін қамтамасыз етіп қана қоймай, Жамбыл тұрғындары үшін қауіпсіз әрі әділетті орта қалыптастыруға бағытталған. Бұл жұмыстар барлық мүдделі органдардың, құқық қорғау құрылымдарының және қоғамның бірлесе әрекет етуі арқылы жүзеге асырылып жатыр.
Жаңа бағыт – тек статистикаға әсер ететін шаралар ғана емес, елдің әрбір тұрғынының өмір сапасына тікелей ықпал ететін нақты қадам. Заң үстемдігі мен құқықтық мәдениетті арттыру – Жамбыл облысының басты басымдығына айналып отыр.