Жамбыл облысында елді мекендерді абаттандыру, санитарлық тазалау және көгалдандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл мәселе облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте кеңінен талқыланды. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының өңірдегі орындалу барысы, көктемгі сенбіліктердің нәтижесі және тұрғындардың белсенділігі сараланып, алдағы міндеттер айқындалды.
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ғалым Исақовтың айтуынша, көктемгі екі айлық сенбілік аясында 10 мыңға жуық тұрғынның қатысуымен ауқымды жұмыстар атқарылған. Ірі және шағын кәсіпорындар да бұл бастамадан шет қалмады – 58 ірі және 400-ден астам шағын бизнес өкілі тазалық жұмыстарына үлес қосқан. Нәтижесінде облыс көлемінде 30 тарихи-мәдени ескерткіш, 79 мыңнан астам тұрғын үй ауласы, 2,7 шақырым көше жолы, 803 шақырымнан аса арық жүйесі мен канал, сондай-ақ 641 мың шаршы метр саябақ пен сквер тазартылып, барлығы 6,1 мың тонна күл-қоқыс арнайы орындарға шығарылған.
Аймақ тұрғындарының экологиялық бастамаларға қатысуын арттыру мақсатында ашылған «TazaQazBot» телеграм-боты арқылы 542 өтінім қабылданған. Бұл цифрлық құрал тұрғындардың өз ортасына деген жауапкершілігін арттыруға ықпал етуде. Сонымен қатар, жергілікті полиция қызметі тарапынан абаттандыру қағидаларын бұзу мен рұқсатсыз қоқыс төгу бойынша 21,7 мың құқықбұзушылық дерегі анықталып, 196,8 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған.
Абаттандыру бағытында ерекше мәнге ие болған бастамалардың бірі – көгалдандыру жұмыстары. «Жасыл белдеу», «TazaLike», сондай-ақ «Әр ауылдық округке – 2000 тал» секілді акциялар аясында өңірде 286,9 мың дана ағаш көшеті отырғызылған. Бұл – табиғатты қорғау ғана емес, келешек ұрпаққа жасалған елеулі экологиялық инвестиция. Аталған жұмыстарға биыл 14,6 миллиард теңге бөлінген, оның 2,3 миллиард теңгесі игерілген.
Қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметін өңірде 40 мекеме атқарып отыр. Олар 91 техникамен жабдықталған. Жалпы облыс аумағындағы 524 қоқыс алаңшасында 4014 контейнер орналасқан.
Дегенмен, санитарлық жай-күйді зерделеу барысында бірқатар аудан мен қалада әлі де шешілмеген мәселелер бары анықталыпты. Әсіресе, Тараз қаласы, Талас, Қордай және Т. Рысқұлов аудандарында кемшіліктер көп кездеседі екен. Осыған орай, облыс әкімі жауапты сала басшыларына және аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, кездейсоқ қоқыс үйінділерін жою, жасыл желектерді қоршау және оларды суару, күтіп-баптау жұмыстарын күшейту міндеттелді. Сонымен қатар, тұрғындар арасында тазалық мәдениетін арттыру бағытында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Жуалы, Меркі, Мойынқұм және Т. Рысқұлов аудандарының әкімдеріне «TazaQazBot» қызметін жандандыру тапсырмасы берілді.
Облыс басшысы санитарлық жағдай тек сенбілік шараларымен шектелмеуі керектігін ескертіп, тазалық пен тәртіп әрбір азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс екенін баса айтты. «Таза Қазақстан» акциясы өңір халқын ортақ іске жұмылдырып, экологиялық мәдениеттің жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын көрсетіп отыр. Тазалықпен түлеген Жамбыл өңірі бүгіні мен болашағын қорғай білетін жауапты қоғамға айналып келеді.