Жамбылда тәртіп сақшыларына құрмет көрсетілді

0 2

Жамбыл облысында Отан қорғаушылар күні мен Жеңістің 80 жылдығына арналған мерекелік іс-шара ерекше мазмұнмен өтті. Облыстық Полиция департаментінің саптық алаңында ұйымдастырылған жиын ел тыныштығын күзетіп жүрген тәртіп сақшыларының қажырлы еңбегіне көрсетілген құрметтің нақты көрінісіне айналды.

Салтанатты шараға ҚР Ішкі істер министрлігінің Кадр саясаты департаментінің бастығы Олжас Мырзабеков арнайы қатысып, Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің атынан құқық қорғау саласының үздік қызметкерлері мен ардагерлерін марапаттады.

Мерекелік жиын барысында адамгершілік пен кәсіби адалдықтың жарқын үлгісі де атап өтілді. Жамбыл өңіріне саяхаттап келген шетелдік туристке көрсетілген көмек көпшіліктің назарын аударған еді. Патрульдік полиция батальонының инспекторлары Дидар Қожантаев пен Айбек Алиханұлы, сондай-ақ Мойынқұм аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Ерлан Битанов жоғалған құжатты иесіне қайтарып, көлігіне жанармай құйып, қауіпсіздігін қамтамасыз еткен. Бұл әрекеттері үшін аталған қызметкерлер ведомстволық марапаттарға ие болды.

Облыстық Полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаев өз сөзінде сала ардагерлеріне ерекше алғыс айтып, олардың бай тәжірибесі мен Отанға деген адалдығы жас мамандар үшін үлгі екенін атап өтті.

Салтанатты жиын барысында облыс әкімдігі мен мәслихат тарапынан да қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге сүбелі үлес қосқан полиция қызметкерлері Алғыс хаттармен марапатталды.

Мереке Полиция департаменті оркестрінің сүйемелдеуімен өткен салтанатты шерумен түйінделіп, жеке құрам өз қызметтік орындарына қайта оралды.

Бұл шара тек құқық қорғау саласында еңбек етіп жүрген азаматтардың еңбегіне деген ризашылықты білдіріп қоймай, қоғам тыныштығына үлес қосып жүрген жандардың бар екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.