Жамбылда әр теңге – есепте, әр шешім – бақылауда

0 7

Жамбыл облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен жүзеге асып жатқан «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасы» жобасы аясында облыста атқарылып жатқан жұмыстар мен аралық нәтижелер туралы баспасөз конференциясы өтті. Баспасөз жиынына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Ернар Мақажанов және бірінші орынбасары Дәурен Омаров қатысып, атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде кеңінен ақпарат берді.

Ернар Мақажановтың айтуынша, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында департамент 80-нен астам түсіндіру және ағартушылық іс-шара өткізген. Бұл кездесулерге 5 мыңнан астам тұрғын қатысып, қоғамда адалдық мәдениетін қалыптастыруға үлес қосқан. Сонымен қатар, спикерлер заң үстемдігін қамтамасыз етудің қоғам өміріндегі маңыздылығын атап өтті. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жүйелі түрде төмендету мақсатында қолға алынған «Жамбыл – сапалы жол» жобасы – осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі. Аталған жоба жол саласындағы бұзушылықтарды азайтып, жөндеу жұмыстарының сапасын арттыруға бағытталған. Жоба аясында автожолдарға кепілдік мерзімі 2 жылдан 3 жылға дейін ұзартылып, техникалық қадағалау қызметіне тоқсан сайын тексеріс жүргізу міндеттелген. Сапасыз орындалған жұмыстарға мердігерлерге 5 пайызға дейін айыппұл салу жүйесі енгізілуде. Сонымен қатар, қабылданған 963 жол нысаны бойынша тұрақты мониторинг жүргізілуде. Жолдарды енді тек Ұлттық сапа орталығының оң қорытындысынан кейін ғана қабылдау тәжірибесі енгізіліп отыр.

– Мемлекеттік сатып алу саласына жүргізілген мониторинг нәтижесінде 854 миллион теңге үнемделді. Бұл – жоспарлау кезеңінде туындайтын сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін алдын ала болдырмаудың тиімді жолы. Департаменттің араласуымен 102 мемлекеттік сатып алу жоспары қайта қаралды. Меркі ауданында бірқатар ауыл әкімдерінің мемлекеттік сатып алу заңнамасын бұзғаны анықталды. Алты әкім әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 2,3 миллион теңге айыппұл салынды, –  деген департамент басшысы тұрғын үй саласындағы заңсыздықтарға да тоқталды. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алуға кезекте тұрған 1600 адамның атында басқа тұрғын үйлер тіркелгені анықталып, олар тізімнен шығарылыпты. Осылайша, әділдікті қалпына келтіруге және шынайы мұқтаж азаматтардың баспанамен қамтылуына жол ашылған.

Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына жүргізілген сыртқы талдау барысында туристік мақсаттарға қатысы жоқ іс-шараларға 205 миллион теңге көлемінде қаржы бағытталғаны анықталып, қаражат облыстық бюджетке қайтарылған. Табиғи ресурстар басқармасына жүргізілген талдау нәтижесінде жер қойнауын пайдаланушылардың тарапынан 70 миллион теңге көлемінде қаржылық міндеттемелердің орындалмағаны белгілі болыпты. Соның ішінде 11 кәсіпорын 60 миллион теңгеден астам қаржыны бюджетке қайта аударған. Ал әлеуметтік міндеттемелерді жүйелі түрде орындамаған екі карьердің келісімшарттары бұзылып, 58 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған.

Сонымен қатар, 2023-2024 жылдар аралығында сала қызметкерлеріне 2,1 миллион теңге көлемінде заңсыз еңбекақы аудару фактілері анықталыпты. Бұл деректер бойынша жауапты мекемелердің бухгалтериясына «Бірыңғай цифрлық есепке алу» жүйесі енгізілген. Бұл жүйе артық төлем, жалған үстемеақы, не болмаса «өлі жандарға» ақша аудару сынды заңбұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді. Заңсыз төленген қаражат толығымен бюджетке қайтарылған.

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – тұрақты әрі әділетті қоғамның негізі. Әр азамат адалдық пен жауапкершілікке үлес қосу арқылы оң өзгерістерге ықпал ете алады, – деп атап өтті Ернар Мақажанов сөзінің соңында.

Журналистер ашық диалог форматында өткен брифинг барысында спикерлерге өзекті сұрақтарын қойып, тұщымды әрі нақты жауаптар алды.