Жамбыл облысында қылмыс деңгейі төмендеп келеді

0 2

Жамбыл облысына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха облыстық Полиция департаментінің жеке құрамымен кездесті. Жиын барысында ол ІІМ алқасында министр Ержан Саденов белгілеген негізгі талаптар мен басым бағыттарды жеткізіп, өңірдегі құқықтық тәртіптің жай-күйіне жан-жақты тоқталды.

2025 жылғы жедел-қызмет қорытындылары бойынша өткен кеңесте облыстағы криминогендік ахуалға кешенді талдау жасалды. Полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаев баяндама жасап, бірқатар маңызды көрсеткіштер бойынша тұрақты оң динамика қалыптасқанын атап өтті. Атап айтқанда, қоғамдық орындарда жасалған қылмыс саны 18,9 пайызға, ал көшелерде тіркелген қылмыстар 13,4 пайызға азайған. Ең алаңдатарлық санатқа жататын аса ауыр қылмыс 48,3 пайызға төмендеп, өңірдегі қоғамдық қауіпсіздіктің нығайғанын көрсетті. Адам өлтіру қылмысының ашылуы 100 пайызды құрап отыр.

Ұрлық қылмысының саны 30,7 пайызға қысқарып, бұл бағытта нақты нәтижелерге қол жеткізілген. Сонымен қатар, 18 қылмыстық топтың жолы кесіліп, 74 мал ұрысы ұсталды. Бұл ауылдық елді мекендерде жиі кездесетін мал ұрлығының алдын алуда жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесін аңғартады.

Есірткі қылмысына қарсы күрес те басты назарда. Жыл қорытындысы бойынша заңсыз айналымнан 9 тонна 242 келі есірткі заты тәркіленген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,25 тоннаға артық. Әсіресе, синтетикалық есірткілерді анықтау және тәркілеу көлемі 2,5 есеге артқан.

Сонымен қатар, интернет-алаяқтықпен күрес өзекті мәселе болып қала беруде. Бұл бағытта бірқатар ірі алаяқтық схемалардың жолы кесіліп, 1982 банктік шот бұғатталған. Нәтижесінде, 65 миллион теңгеден астам қаражаттың заңсыз айналымына тосқауыл қойылды.

Кәмелетке толмағандарды қорғау да полиция қызметінің басым бағыттарының бірі ретінде айқындалды. Жасөспірімдерге қатысты қылмыстар 15,8 пайызға төмендеген. Ал, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесінде жануарлардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының 30 пайызға артқаны алаңдаушылық туғызды. Бұл ретте мал иелерінің жауапкершілігін күшейту қажеттігі атап өтілді.

«Заң және тәртіп» қағидаты аясында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, мас күйінде жасалатын қылмыстардың алдын алу және есепте тұрған тұлғалармен профилактикалық жұмыс күшейтілді.

— Нақты аналитикалық деректердің болуы басқарушылық шешімдерді нысаналы қабылдауға берік негіз қалыптастырады. Бұл басымдықтарды уақтылы түзетуге және бөлімдер жұмысының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, — деді Полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаев.

Кеңес қорытындысында Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха профилактикалық жұмысты одан әрі күшейту қажеттігін атап өтіп, жеке құрамға анықталған кемшіліктерді жою, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.