Жамбыл облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Жамбыл облысы әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Айтқазы Қарабалаевтың қатысуымен баспасөз брифингі өтті. Спикер 2025 жылдың 9 айында атқарылған жұмыстар туралы баяндап, саладағы бақылау мен лицензиялау қызметінің негізгі көрсеткіштерін мәлімдеді.
Айтқазы Қарабалаевтың айтуынша, басқарма — облыс аумағындағы құрылыс сапасы мен қауіпсіздігіне тікелей жауапты, құрылыс-монтаждау жұмыстарының заң талаптарына сай орындалуын қадағалайтын жалғыз бақылаушы орган.
– 2025 жылы облыс аумағында 680 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның 235-і мемлекеттік бюджет есебінен, ал 463-і жеке қаражат есебінен салынуда. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 12 нысанға артық, – деді спикер.
Жыл басынан бері 196 жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Нәтижесінде 137 нұсқама беріліп, 381 әкімшілік іс қозғалған. Әкімшілік жауапкершілікке 327 тапсырыс беруші, 22 мердігер ұйым, 8 жобалаушы және бірнеше техникалық, авторлық қадағалаушылар тартылған.
– Бұзушылықтар үшін жалпы сомасы 83 миллион теңгеден астам айыппұл салынды, – деген Айтқазы Дәулетқұлұлы сонымен қатар екі техникалық қадағалаушының сарапшы аттестаттары алты ай мерзімге тоқтатылғанын, құрылыс нормалары мен ережелерін бұзған үш мердігер және сегіз жобалаушы мекемелерге де тиісті шаралар қолданылғанын атап көрсетті.
Тексеру қорытындысы бойынша заң талаптарына сай келмеген жеті нысан бұзылған. Олардың қатарында Тараз қаласы мен облыстың бірқатар аудандарындағы заңсыз салынып жатқан коммерциялық және тұрғын нысандар бар. Сондай-ақ «Сараптама Consulting» ЖШС аккредиттеу куәлігінен айырылып, 2,7 миллион теңге айыппұл төлеуге міндеттелген. Ал «SK Best Spec Stroy KZ» ЖШС жобалаушы ұйымына 1,5 миллион теңге көлемінде айыппұл салынып, лицензиясының бір бөлігі тоқтатылған.
– Жыл басынан бері сотқа жалпы 101 іс жолданды. Оның ішінде 10 іс бойынша сот процесі жалғасуда. Сонымен қатар 13 хаттама Әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотқа жолданды. Бір іс бойынша нысанды бұзу туралы шешім шығарылды, – деді басқарма басшысы.
Құрылыс сапасына қатысты тұрғындар мен тапсырыс берушілердің өтініштері негізінде 129 профилактикалық мониторинг жүргізіліп, анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы барлық құрылыс қатысушыларына ескерту жасалған.
Брифинг барысында Айтқазы Қарабалаев лицензиялау және аттестаттау жұмыстарының көрсеткіштеріне де тоқталды. Оның сөзінше, 2025 жылдың 9 айында 19 лицензия берілген, оның 12-сі құрылыс-монтаж жұмыстарына, 4-еуі жобалау қызметіне, 3-еуі іздестіру жұмыстарына арналған. Жалпы облыс аумағында 1010 лицензиат тіркелген.
Инжинирингтік қызметпен айналысатын сарапшыларға 89 аттестат берілген. Оның ішінде техникалық қадағалаушылар – 73, авторлық қадағалаушылар – 5, жобалау сарапшылары – 8 және техникалық тексеру сарапшылары – 3 адам. Бүгінде облыс бойынша барлығы 1249 аттестатталған сарапшы тіркелген.
– Біз үшін ең басты мақсат – құрылыс сапасын арттыру және заңсыз, сапасыз нысандардың алдын алу. Әрбір тұрғынның қауіпсіздігі мен қолданыстағы нысандардың беріктігі – біздің басты басымдығымыз, – деді Айтқазы Қарабалаев.
Баспасөз конференциясының соңында БАҚ өкілдері басқарма басшысына сұрақтар қойып, құрылыс саласындағы лицензиялау тәртібі, сапа стандарттары мен қадағалау шаралары жөнінде өзекті мәселелерді талқылады.