Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Жамбыл ауданына жұмыс сапарымен барып, білім, мәдениет, ауылшаруашылығы және құрылыс салаларында жүзеге асырылып жатқан ірі жобалардың орындалу барысымен танысты.
Аймақ басшысының ауданға іссапары Аса ауылындағы тарихи-өлкетану музейін аралаудан басталды. 2025 жылы пайдалануға берілген мәдениет нысанында өңірдің өткені мен бүгінінен сыр шертетін 3 мыңға жуық құнды жәдігер қойылған. Бір қабатты ғимаратта конференция залы, екі экспозиция залы және қор сақтау бөлмесі қарастырылған.
Облыс әкімі бұған дейін аудандық музейдің ыңғайластырылған ғимаратта орналасқанын атап өтіп, жаңа нысанның өскелең ұрпаққа тарихи таным мен ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі маңызы зор екенін айтты.
Іссапар барысында Ербол Қарашөкеев Аса ауылының «Бәйтерек» алқабында салынған 120 пәтерлі жаңа тұрғын үйді аралады. Өңір басшысы баспана кезегінде тұрған азаматтарға пәтерлерді уақыт созбай үлестіруді жауапты тұлғаларға тапсырды.
Сонымен қатар, Қостөбе ауылындағы 100 орынды мектептің құрылыс алаңына барды. Мердігер мекеме – «ҚазМұнайҚұрылыс» ЖШС білім ошағын 2026 жылдың шілде айында пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Облыс әкімі құрылыс сапасы мен белгіленген мерзімнің қатаң сақталуын талап етіп, алдағы жаңа оқу жылында балалардың жаңа мектепте білім алуына жағдай жасау қажеттігін ескертті.
Жұмыс сапары аясында облыс үшін стратегиялық маңызы бар ауыл шаруашылығы жобалары да назардан тыс қалмады. Соның бірі – ірі тауарлы сүт фермасының құрылысы. Жоба бастамашысы, «Aznur Agro» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы Азат Сатановтың айтуынша, құрылыс жұмыстарының 80 пайызы аяқталған. Жоба іске асқанда жылына 3600 тонна сиыр сүтін өндіретін заманауи ферма пайдалануға беріліп, 32 жаңа жұмыс орны ашылады. Өндірістік тиімділікті арттыру мақсатында Ресей Федерациясынан 340 бас асыл тұқымды ірі қара мал әкелінген.
Аталған ферма облыстағы алғашқы толық цифрландырылған сүт кешені болмақ. Мұнда бір мезетте 16 бас сиырды саууға мүмкіндік беретін карусельді қондырғы орнатылады. Сондай-ақ мал басын басқарудың автоматтандырылған жүйесі енгізіліп, ылғалдылық, температура мен желдету толықтай автоматты режимде реттеледі. Мал қораларының асты да өздігінен тазаланатын болады.
Бұдан бөлек, сапар барысында ет бағытындағы құс фабрикасы мен сыйымдылығы 5 мың тонна болатын көкөніс сақтау қоймасының құрылыс барысы да қаралды. Бұл жобалар өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға серпін бермек.
Аймақ басшысы барлық нысандар бойынша жұмысты белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырып, аталған жобалардың өңір экономикасын дамытудағы маңызын атап өтті.