Облыс орталығындағы өзекті мәселелердің бірі – қоғамдық көліктердің тозғандығы. Сондықтан да автобустарды жаңарту жұмысы Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаевтың тұрақты назарында. Бұл орайда автопарк басшыларына жаңа автобустар сатып алып, автобус паркін жаңарту туралы нақты талап та қойылған. Ол нәтижесін беріп те жатыр. Қалада жолаушылар тасымалымен айналысатын компаниялар біртіндеп парктерін жаңартуда.
Соның айғағы – жақында Таразға тағы он жаңа автобус келді. Оны сатып алған «ӘулиеаТрансПас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Сыйымдылығы үлкен «Yutong» маркалы автобустар заманауи әрі соңғы үлгіде жабдықталған. Мұнда жолаушылар үшін желдеткіш пен бейнебақылау орнатылған, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін пандустар да бар. Тағы бір ерекшелігі, бұл автобустардан түтін көп бөлінбейді, экологиялық таза болып табылады. Бір көліктің құны 38 млн теңгені құрайды.
Аталған серіктестік бұған дейін де он жаңа автобус сатып алған болатын. Автопаркті жаңалау жұмыстарын алдағы уақытта жалғастырмақ.
Жаңа көліктер 1-мамырдан бастап №19 бағыт бойынша жолаушылар тасымалдай бастайды. Тағы бір жағымды жаңалық, 9-мамырдан бастап 19 бен 37 бағыттар біріктіріліп, қалада Шалғай Қарасуға қатынайтын жаңа бағыт іске қосылатын болады.