Заңсыз тасымалға – заңды жауап

0 2

Ағымдағы жылдың 21 шілдесінен бастап елімізде «Тасымалдаушы» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Бұл іс-шараның мақсаты – жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жолаушылар мен жүктерді заңсыз тасымалдау деректерін анықтау және жолаушылар тасымалы саласындағы заңнама талаптарының сақталуын бақылауды күшейту.

Жол қауіпсіздігі – әрбір азаматтың өмірімен тікелей байланысты. Сондықтан бұл бағытта жүйелі түрде рейдтік шаралар ұйымдастырылып келеді. Биылғы акция барысында полиция қызметкерлері, көлік инспекциясы, мемлекеттік кірістер органдары мен қоғам белсенділерінен құралған мобильді топтар арнайы бақылау жүргізіп, заң бұзушылықтарды анықтауға және олардың алдын алуға күш салуда.

Ерекше назар – заңсыз жолаушы тасымалдаумен айналысатын жүргізушілер мен тіркелмеген автобекеттердің қызметіне аударылып отыр. Көп жағдайда мұндай тасымал заң талаптарына сай келмейтін, қайта жабдықталған немесе техникалық ақауы бар көліктермен жүзеге асырылады. Бұл – жолаушылардың өміріне тікелей қауіп төндіреді.

Тексерулер барысында оң жақ рульді, есік саны талапқа сай емес, қолмен басқарылатын көлік құралдарын пайдалану арқылы жолаушы тасымалдаумен заңсыз айналысу деректері де анықталуда. Сонымен қатар такси қызметі саласындағы рұқсатсыз жұмыс істеу мәселесі де басты назарда. Әсіресе, әуежай мен теміржол вокзалы сияқты адамдар көп шоғырланған орындарда қауіпсіздікке селқос қарау жиі кездеседі.

Іс-шара аясында көші-қон заңнамасын бұзған шетел азаматтары да назардан тыс қалмайды. Заңсыз тасымалдаумен айналысатын көлік жүргізушілерімен бірге ел аумағында рұқсатсыз қызмет көрсетіп жүрген тұлғаларға қатысты да әкімшілік шаралар қолданылады.

Полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу деректерін де назардан тыс қалдырмай отыр. Атап айтқанда, көлікті мас күйінде басқару, жылдамдықты арттыру, рұқсат етілмеген жерден басып озу, жаяу жүргіншілер өткелдерінен өту ережелерін бұзу, қауіпсіздік белбеуін тақпау, балаларға арналған арнайы құрылғыларды пайдаланбау секілді ережелердің сақталуына қатаң бақылау жүргізілуде.

Рейд нәтижелері бойынша анықталған барлық заң бұзушылық деректері «Қорғау» ақпараттық жүйесіне уақтылы енгізілуде. Бұл құқықбұзушыларды нақты тіркеп, заң аясында тиісті әкімшілік шаралар қолдануға мүмкіндік береді.

Осындай кешенді шаралар тек құқықбұзушылықты анықтап қана қоймай, жалпы қоғамдық тәртіп пен азаматтар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Еліміздің әр аймағында қолға алынған «Тасымалдаушы» жедел іс-шарасы жолаушы тасымалы саласындағы тәртіпті күшейтіп, қауіпсіздіктің деңгейін арттырады деген сенім бар.