Заманауи медициналық бұйымдар зауыты іске қосылды

0 1

Алматы қаласында медициналық бұйымдар шығаратын жоғары технологиялық зауыттың ашылу салтанаты өтті. Бұл маңызды нысан «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының аумағында орналасқан.

«Juldyz Kenan Co., Ltd» компаниясы іске қосып отырған кәсіпорын Қазақстанда катетер, зонд, патологиялық материалдарға арналған контейнерлер секілді өнімдерді шығаратын жалғыз өндіруші. Жобаның жалпы инвестициялық құны – 2,1 миллиард теңге. Кәсіпорында 100-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылып, өндірістік қуаттылығы жылына 10 миллион бірлікке дейін жетеді. Зауыт өнімдері неонатология мен педиатриядан бастап, реанимация мен хирургияға дейін медицинаның түрлі салаларында сұранысқа ие. Барлық өндіріс «ISO 13485» халықаралық сапа стандарттарына толық сәйкес келеді.

Жаңа кәсіпорын жобалаудан бастап, клиникалық сынақтардан өткізу, орау және стерильдеуге дейінгі барлық өндірістік кезеңді қамтиды. Аумағы 7000 шаршы метр, онда заманауи өндірістік желілер, зертханалар мен қоймалар орналасқан. Өндіріс үдерісіне экструзия, қысыммен құю, фрезерлеу, жинау, орау және «H14» сыныпты таза аймақта стерильдеу кіреді.

Компания басшысы, инвестор Бағлан Баккуловтың айтуынша, «Juldyz Kenan Co., Ltd» нарықта 30 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда 169 түрлі медициналық өнім шығаратын компания жаңа зауыт арқылы еліміздегі сұраныстың 90 пайызын қамтуға қауқарлы. Бүгінде компания өнімдері 2670-тен астам медициналық мекемеге жеткізіліп, сондай-ақ Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Беларусь, Иран және Ауғанстан елдеріне экспортталып жатыр.

Компания инновацияға ерекше мән береді – қазіргі таңда инесіз жүйелер дайындалып, оларды жылына 3–4 миллион данаға дейін өндіру жоспарланған. Өндіріс барысында АҚШ және өзге де елдердің жоғары сапалы, қауіпсіз компоненттері қолданылады.

Зауыттың іске қосылуы – отандық өндіріс пен медициналық инфрақұрылымды дамытудағы маңызды қадам ғана емес, сонымен қатар, Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттыратын стратегиялық жоба болып отыр.