Ұзынағашта заманауи емхана салынып жатыр

0 10

Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағаш ауылында заманауи емхана салынып жатыр. Жалпы құны миллиардтаған теңге тұратын әлеуметтік нысан бір ауысымда 250 адамды қабылдайтын болады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Біздің халқымыз ешқашан бүгінгідей бақуатты тұрмыс кешіп көрген жоқ. Тәуелсіздік алғалы бері 1300-ден астам денсаулық сақтау нысанын салдық. Олардың барлығын ең соңғы үлгідегі құралдармен жабдықтадық. Аса күрделі операцияларды өз елімізде, өз дәрігерлеріміз жасайтын жағдайға жеттік. Жалпы халықтың тұрмысының, денсаулығының түзелуі, санының өсуінің нәтижесінде қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 72 жасқа жуықтады», – деп атап көрсеткен болатын.

«Президенттің ұлт денсаулығына деген шынайы жанашырлығының нәтижесінде Жамбыл ауданының орталық ауруханасы да бірқатар жетістіктерге қол жеткізді», – дейді аталған мекеменің бас дәрігері Дамир Сұраужанов. Айтуынша, тарихы 100 жылдан астам уақытқа кететін аурухана Ұзынағашта өткен ғасырдың басында алғаш шағын ғана емдеу орны болып ашылған. Жылдар жылжып, замана көші ілгерілеген сайын іргесі де кеңейіп отырған. Тиісінше көрсетілетін қызмет түрлері көбейген. 1975 жылы мұнда 230 төсектік аурухана ғимараты пайдалануға беріліп, 1985 жылы жанынан емхана іске қосылған. 2010 жылы аурухана мен емхана қайта құрылып, бірнеше корпуста бөлек орналасты. 2004 жылы мұнда телемедицина, УЗИ, жылжымалы флюроаппарат, бактериологиялық зертхана бөлімдері ашылған.

Кейінгі жылдары аудан орталығында халық санының күрт өсуіне байланысты әлеуметтік нысандардың тапшылығы пайда болғанда, емхананың да тарлығы қатты сезілді. Ауырып ем іздеп келгендер дәрігерге кіру үшін  есігінің алдында сағаттап кезекке тұратын. Ғимарат дәлізі адамға лық толып, ертеңнен қара кешке дейін сапырылысқан адам қарасы үзілмеді. Онсыз да дімкәс жандар кезекте тұрумен-ақ жүйкесін жұқартатын жағдайға жетті. Дәрігерлер сырқатты тар бөлмеде қабылдады. Аурухана мен емхананың бір кешенде сығылысып орналасуы қолайсыздық тудырды. Мәселені шешу мақсатында елдімекеннің тау жағынан заманауи ғимарат салынып, 2020 жылы бір ауысымда 100 адам қабылдайтын әйелдер консультациясы бар 100 төсектік перзентхана пайдалануға берілді. Аудандық орталық аурухана соған әкімшілігімен қоса көшіріліп, босаған бөлмелер емхана кабинеттеріне айналып, жағдай біршама түзелгендей болды.

Алайда, мәселе мұнымен де шешіле қоймады. Себебі, қала маңындағы қолайлы аймақ саналатын Жамбыл ауданына сырттан көшіп келушілер легі жыл өткен сайын еселеп отыр. Мәселен, 2000 жылдың басында ауданда халық саны шамамен 80 мыңның төңірегінде ғана болса, қазір 180 мың адамға жуықтады. Бір ғана Ұзынағаш тұрғындарының өзі 50 мың адамнан асты. Аты ауыл демесең, заты қалаға бергісіз өсіп, көркейді. Бұдан жарты ғасырдай бұрын салынған емхана ғимаратының  тозығы жеткені өз алдына, келушілер әлі күнге дейін ұзын-сонар кезектен көз ашпай келеді. Күн тәртібінде өткір тұрған мәселені тездетіп қолға алмаса бұдан ары ушығып, халықтың наразылығын тудыратындай еді. Жаңа емхананың қажеттігі туралы аудан басшылығының жоғары жаққа жасаған ұсынысы ақыры қолдау тауып, тиісті жобалау, есептеу құжаттары әзірленіп, көптен күткен құрылыс қолға алынды.

Бұрынғы ескі аурухананың ауласы кең болғаны мұндай жақсы болар ма. Жаңа нысанға лайықты деген жер телімі осыннан табыла кетіп, биылғы сәуір айының басында болашақ емхананың құрылысы басталды. Алып техникалар қазаншұңқырын қазып, ғимараттың мықтылығы үшін қажетті қадаларын қағып, нығыздап, жертөлесін құйды. Мұнда қазір қарқынды жұмыс жүргізілуде. Оған өзіміз де көз жеткіздік.

Қарасай батыр көшесіндегі құрылыс алаңы жағалай қоршалып, сыртына нысан туралы баннер ілінген. Ондағы ақпаратта облыстық құрылыс басқармасының тапсырыс беруімен салынып жатқаны, бас мердігер «АК Конструкшн Компания» ЖШС, авторлық қадағалаушы «Сан Мұнай Газ» ЖШС, техникалық қадағалаушы «Әсем Құрылыс Қызылорда» ЖШС екені жазылған. Алаңның қақ ортасында көк тірердей алып кран орнатылған.

Бізді онда құрылыс жобасының жетекшісі Жасұлан Омаров пен мердігер мекеменің прорабы Жамбыл Тоқназаров істің барысымен таныстырды. Айтуларынша, мұнда жертөлесімен қоса есептегенде төрт қабатты заманауи ғимарат бой көтермек. Жобаның жалпы құны 5 миллиард теңгеден асатын көрінеді. Үлкен-үлкен үш блоктан тұратын кешенді ғимараттың жалпы ауданы 4 709 шаршы метр болмақ. Құрылысты осы жылы салып бітіру жоспарланыпты. Қазір жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Қажетті материалдарды жеткізуде іркіліс жоқ. Біз барған күні мұнда 50-ге жуық адам жұмыс істеп жатты. Келесі аптадан бастап олардың санын 60-қа жеткізеді. Жұмыстың ыңғайына қарай адам саны осылай көбейтіледі. Эксковатор, кран, жүк көліктері сияқты арнайы техникалар да керек кезінде іске қосылады. Жұмысшылардың дені жергілікті тұрғындардан алынған. Күнделікті жұмыс таңғы сағат 8-де басталып, кешкі 6-да аяқталады.

Жұмыскерлердің арматура тоқып, оны байланыстырып, электр дәнекерімен темірді бір-біріне жалғап жатқанына куә болдық. Осылай дайындалған қаңқаның сыртына қалып орнатылғаннан кейін іші бетондалады. Үш блоктың екеуінің жертөлесі құйылыпты, үшіншісінің табанының арматурасы тоқылу үстінде. Осылайша бетон құюшы, арматурашы, ағаш ұстасы, дәнекерлеуші, механизаторлар біркісідей жұмыла еңбектенуде. Іс барысын бригадир Данияр Әлішев қадағалап, белгіленген құрылыс нормаларына сай орындалуын көзден таса қылмайды. Темір тоқушылар тобының жетекшісі Бауыржан Бекқалиев, қалып құрастырушы Мұрат Бексұлтан, жүк көтергіш кранға ілмек ілуші Ерлан Ахметов, қалыптаушылардың жұмысын үйлестіруші Бақытжан Аманбек, ағаш ұсталары тобының жетекшісі Асанәлі Әлшиев сияқты азаматтар өз ісінің білгірі екенін айтады жоба жетекшісі Жасұлан Омаров. Ал прораб Жамбыл Рысбекұлы құрылыс материалдарының сапасы, көлемі, маркасы сияқты өлшемдердің стандартқа сәйкестігін қадағалап, барлық жұмыстың жобалау құжаттары бойынша атқарылуына жауапты.

Құрыш қолды жігіттер күннің ыстығына қарамастан бел шешпей еңбектенуде. Жұмыс тоқтаусыз және қарқынды жүргізілсе, құрылыс белгіленген мерзімінде аяқталатын сыңайлы. Жоба сәтімен жүзеге асырылса жамбылдықтардың дәрігер алдындағы ұзын-сонар кезектен құтыларына деген үміті үлкен, сенімі зор.