Президент өз Жолдауында өскелең ұрпақтың патриотизмі енді жаңашылдық пен жасампаздық арқылы айқындалатынын ерекше атап өтті. Бұл – жастардың қоғамдағы өзгерістерді дұрыс қабылдап, болашаққа сеніммен қадам басып келе жатқанын көрсетеді.
Елдің дамуы үшін ғылымға, білімге, өнерге және спортқа ұмтылған жас буынға қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты мақсаты. Осы тұрғыда Атырау облысында 2022-2024 жылдары мектеп пен колледждерде дене шынықтыру, әскери-патриоттық тәрбие, бұқаралық спорт пен туризм саласында ауқымды жұмыстар атқарылды. Бұл – жас ұрпақтың рухани және физикалық тұрғыда дамуына жасалған нақты қадамдар.
Дегенмен, кейінгі жылдары Атырау аймақтық дене тәрбиесі және спортты дамыту орталығы жабылған соң, әскери-патриоттық тәрбие жұмыстары бәсеңдеп, облыстық, қалалық, аудандық деңгейдегі жарыстар тоқтап қалғаны жастардың азаматтық болмысын қалыптастыруда олқылықтарға әкелуде. Президент айтқандай, жастардың күш-жігері мен патриотизмі – ел болашағының кепілі. Сондықтан Атырау облысында «Жас Сарбаз» клубтары, «Жас Сарбаз» сыныптары мен «Smart Sarbaz» үйірмелерінің санын көбейтіп, түрлі деңгейдегі әскери-патриоттық іс-шараларды қайта жандандыру – бүгінгі күннің өзекті міндеті. Бұл жас буынға Отанға деген сүйіспеншілікті жаңа қырынан сезінуге, патриотизмді тек ұран емес, нақты іс арқылы танытуға жол ашады.