«Ұлытау» аллеясында ағаш отырғызды

0 12

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған жалпықалалық сенбілікке қатысып, елордадағы «Ұлытау» аллеясында ағаш отырғызды.

Президентпен бірге сенбілікке волонтерлер, «Ассамблея жастары» ұйымының өкілдері, еліміздің ғылым, креативті индустрия, мәдениет, спорт салаларындағы белсенді жастар және алдағы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысушылар, Президенттік жастар кадр резервінің мүшелері атсалысып, жөке ағашының 430 түп көшетін екті.

Қасым-Жомарт Тоқаев жастармен әңгімелесу барысында қоғамда экология мәдениетін қалыптастыру, табиғатты аялау маңызды екенін атап өтті.

– Шын мәнінде, елімізді көгалдандыру, абаттандыру – үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бірреттік науқан емес. Аталған жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Туған жерімізді таза ұстауымыз керек. Бұл – жалпыұлттық мәселе. Қазақстанымыз таза болуы қажет. Лас елге қонақ ретінде, инвестор ретінде ешкім келмейді. Бірақ, ең алдымен, Қазақстанның таза, көрікті болғаны біз үшін, яғни халық үшін керек. Бұл күнделікті өмір салтына айналуы қажет. Сондай-ақ бұл жұмыс елорда және ірі қалаларда ғана емес, шағын қалаларда, аудандар мен ауылдарда да ұдайы ұйымдастырылады. Бүкіл Қазақстанды таза ұстау өзімізге, жастарға байланысты. Мен жастарға сенемін. Сондықтан жастарға зор үмітпен қараймын, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент заң мен тәртіп үстемдігі бәріне қатысты екенін айтып, вандализммен батыл түрде күресу қажет екеніне назар аударды.

– Біз өз елімізді мақтан тұтуға тиіспіз. Мейлі ол көше, аула немесе үйлердің кіреберісі болсын, бәріне ұқыпты қарауымыз қажет. Вандалдармен табанды түрде күресу керек. Сондай-ақ олардың заң жүзінде қатаң жазаланатынын айттым. Әр нәрсенің шегі бар. Әйтпесе, бәрін бүлдіріп алып, кейіннен кешірім сұрайды. Елімізде тәртіп болуы керек. Заңды сақтау қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы Ботаникалық бақты аралап, жалпықалалық сенбілікке қатысып жатқан тұрғындарға, елорданың коммуналдық шаруашылық мекемелерінің қызметкерлеріне ризашылығын білдірді.

Сенбілік барысында Президентке Астана қаласын абаттандыру және көгалдандыру жоспары таныстырылды. Қала әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, биыл 1,1 миллион жасыл желек, соның ішінде қала аумағында 35 мың, елорданың жасыл белдеуі аймағында 200 мың түп көшет отырғызу жоспарланған. Сонымен қатар қаладағы 170 қоғамдық орынды, оның ішінде Есіл өзенінің бойын, Ақбұлақ жағалауын, сондай-ақ Триатлон паркі, Бейбітшілік және келісім сарайы, ЭКСПО маңын абаттандыру жұмыстары жалғасады.

Астана әкімі былтыр елорданы көгалдандыру жарғысы қабылданғанын атап өтіп, аталған құжатқа сәйкес егілген жасыл желекті 3 жылға дейін күтіп-баптау міндеті жүктелетінін және үлкен ағаштар мен көпжылдық өсімдіктер отырғызуға басымдық берілетінін жеткізді. Бұдан бөлек, Президентке «Мыңжылдықтар аллеясын» дамыту жоспары және Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық барысы жөнінде баяндалды.