Ұлттың рухы – ана тілінде

0 2

Тіл – әрбір ұлттың ең басты рухани байлығы, мәдени мұрасы және тарихын сақтаушысы. Тіл арқылы халықтың тарихы, салт-дәстүрі, мәдениеті мен дүниетанымы ұрпақтан ұрпаққа жеткізіледі.

Қазақ тілі — халқымыздың рухани өзегі, мәдениетіміздің тірегі, ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігі. Тілді сақтау — ұлтты сақтау, ал тілді дамыту — болашақты жарқын ету. Ұлттық бірегейлік дегеніміз — белгілі бір халықтың өзіне ғана тән ерекшеліктері, дүниетанымы мен құндылықтары.

Қазақ тілі осы бірегейлікті қалыптастырып, оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін негізгі құрал. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие, бұл әрбір азамат үшін оны білу әрі құрметтеу борыш екенін білдіреді. Бүгінгі таңда мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында білім беру, мемлекеттік басқару, сот және құжат айналымы салаларында түрлі шаралар жүзеге асырылуда. Соңғы жылдары мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруда елеулі жетістіктер бар: мектептер мен жоғары оқу орындарында қазақ тілінде білім алу мүмкіндігі кеңейіп, мемлекеттік қызметке қабылдануда қазақ тілін меңгеру талабы күшейтілді.

Қазақ тілін білу ең алдымен еліміздің мәдениеті мен тарихын және рухани құндылықтарын құрметтеудің белгісі болып саналады. Қазақ тілін үйрену қоғамда өзіңді толыққанды азамат ретінде сезініп, кәсіби түрде дамуға көмектеседі. Сонымен қатар, қазақ тілін білу ұлттық бірлікті нығайтудың бірден бір факторы болып отыр. Мемлекеттік тілді меңгеру арқылы әр түрлі халықтар яғни, этностар арасында жарасымды түсіністік қалыптасып, қоғамдағы келісім мен тұрақтылық сақталады. Көп тілді білу маңызды болғанымен мемлекеттік тілді меңгеру әр азаматтың патриоттық борышы, міндеті деп білемін және ол елдің болашағына оң ықпал етіп, ұлттық бірегейлікті сақтап, өскелең жастарға мемлекеттік тілді аманаттап қалдыруға тікелей әсер етеді.

Қазақ тілінің ұлттық бірегейлікті нығайтудағы рөлі — тек тіл ретінде ғана емес, халықты біріктіретін, елдік сананы қалыптастыратын күш екендігінде. Сондықтан қазақ тілін құрметтеу — өз ұлтыңды, тарихыңды, болашағыңды құрметтеу.